“ДАҢҚ” АЛЛЕЯСЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ КӨРІКТЕНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

“ДАҢҚ” АЛЛЕЯСЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ КӨРІКТЕНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

18.05.2025 22:30:05 11
Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған “Таза Қазақстан” акциясы Сауран ауданында қарқынды қолдау табуда. Осы орайда бүгін Жүйнек ауылдық округінде орналасқан “Даңқ” аллеясында кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудан прокуроры Алмаз Асылбеков арнайы қатысып, қолдарына құрал алып, тазалық жұмыстарына белсене атсалысты. Жергілікті атқарушы органдар мен аудандық прокуратура бірлесіп ұйымдастырған сенбілік барысында аллея аумағы толықтай абаттандырылды: арам шөптер орылып, қураған бұталар кесіліп, ағаштар түптеліп, жасыл желектерге күтім көрсетілді.
Сонымен қатар, жаяу жүргінші жолдары мен орындықтар, жарық шамдары сырланып, шеткі қоршаулар әктелді. Көшеттердің түптері қопсытылып, суарылды. Қоқыстар шығарылып, жалпы аумақ тазалығы ретке келтірілді.
Бұл жұмыстарға аудан тұрғындарымен қатар, ауылдық округ әкімдігі мен аудандық прокурорлар және белсенді жастар жұмыла қатысып, “Даңқ” аллеясындағы батырларға арналған ескерткіштерді тазалады.
“Даңқ” аллеясы — бұл Жүйнек ауылындағы тарихи-мәдени нысан ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елін қорғаған ерлерді құрметтеуге тәрбиелейтін рухани орда. Мұндай қоғамдық шаралар – ұрпақ санасына тазалықпен қатар, елге, жерге деген жанашырлықты да сіңіреді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/984412?lang=kk