ХАЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСУ - БАСТЫ МАҚСАТ: АУДАН ӘКІМІ ЕРЛАН НҰРМАХАНОВ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАУДА
18.05.2025 22:30:06 11
Аудан басшысы Көктерек ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, бірқатар елді мекендердегі инфрақұрылымдық жобалардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында Ынтымақ, Бірлік және Кеңестөбе ауылдарына арнайы барды.
Ынтымақ ауылында аудан басшысы ауылдың электр желілерінің қазіргі техникалық жағдайын және жоспарланған көше жарықтарының орнатылатын аумақтарын аралап көрді.
Әрі қарай Бірлік ауылына ат басын бұрып, мұндағы да электр желілерінің жағдайымен танысты. Жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды жіті назарда ұстау қажеттігі айтылды.
Кеңестөбе ауылында "Ауыл – Ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бес көше бойынша құрылыс барысын бақылады. Жөндеу жұмыстарының сапасына баса мән беруді жауапты тұлғаларға тапсырды.
Сонымен қатар, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру бағытында қолға алынған мрамор тастарын өңдеу жұмыстары жүріп жатқан нысанды аралады. Мұнда Ерлан Нұрмаханов кәсіпорын қызметкерлерімен тілдесіп, жергілікті еңбек нарығын дамыту мәселелерін талқылады.
Жұмыс сапары аясында округ тұрғындарымен кездесу өткізіліп, азаматтардың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелері тыңдалды. Аудан басшысы халықтың сұрақтары назардан тыс қалмайтынын, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-baidibek-audany/press/news/details/984407?lang=kk