«Алтын сапа – 2025» сыйлығына өтінімдер қабылдау басталды

«Алтын сапа – 2025» сыйлығына өтінімдер қабылдау басталды

18.05.2025 22:39:21 396

«Алтын сапа» Президенттік сыйлығын алуға өтінімдер қабылдау басталды. Ол отандық тауар өндірушілерге өнім мен қызмет сапасы саласындағы жетістіктері үшін беріледі. Байқауға заңды тұлғалар да, жеке кәсіпкерлер де қатыса алады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында еске салып өткендей, сыйлық төрт номинация бойынша беріледі:
«Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын»;
«Халық үшін тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын»;
«Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»;
«Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын».
Бұдан басқа, «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлықтары қарастырылған.
Өтінімдер 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады. Электрондық түрде cabinet.altynsapa.kz сілтемесі бойынша беруге немесе жергілікті өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінуге болады.
Ізденушілер сауалнама-декларацияны толтыруы, сондай-ақ кәсіпорынның тарихын, өнімнің немесе қызметтің негізгі түрлерін, негізгі өткізу нарықтарын сипаттай отырып, конкурсқа қатысушыға қысқаша шолу жасауы тиіс.
Құжаттар пакетіне мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесін не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы және менеджмент жүйесіне арналған сертификаттардың көшірмесін қоса беру қажет.
«Атамекен» ҰКП сараптама тобы өтінімдер тізілімін қалыптастырады. Содан кейін қатысушыларды бағалау басталады. 40 финалист анықталғаннан кейін сарапшылар кәсіпорындарға барады. Нәтижесінде номинациялар мен санаттар бойынша 14 лауреат таңдалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/950936