ШҚО прокуратурасы еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуді жалғастыруда
19.05.2025 12:02:37 231
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында прокуратура қызметкерлері өңірдегі еңбек ұжымдарымен жүйелі түрде кездесулер өткізуде.
Іс-шаралар қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың еңбек құқықтарын қорғауға, кәсіпорындардағы еңбек дауларының туындау қаупін анықтауға, сондай-ақ әділеттілік идеологиясын ілгерілету мен нығайтуға бағытталған.
Кезекті кездесу Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Ерлан Буланбаевтың қатысуымен өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі – 2,5 мыңнан астам адам жұмыс істейтін «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ ұжымымен өткізілді.
Кездесу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау, есірткіге қарсы күрес пен интернет-алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиналғандарға облыс прокуратурасы әзірлеп, жүзеге асырып жатқан «URPAQ» және «STOP наркотик!» жобалары таныстырылды. Бұл жобалар балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтауға және облыс тұрғындарын есірткіге қарсы іс-шараларға кеңінен тартуға бағытталған.
Прокурордың орынбасары Е. Буланбаев қауіпсіз қоғамдық ортаны қалыптастыру үшін азаматтық жауапкершіліктің және халық пен құқық қорғау органдары, мемлекеттік билік институттары арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
#Теңқұқылы
#Әдептібол!
Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-vko/press/news/details/994685?lang=kk