Мемлекеттік қызметкерер арасындағы облыстық спартакиада
19.05.2025 18:52:32 231
2025 жылдың 12 мамыр мен 1 маусым аралығында облыста ауқымды спорттық іс-шара – мемлекеттік қызметкерлер арасындағы спартакиада өтуде. Шара Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың Бірыңғай өңірлік күнтізбесіне сәйкес ұйымдастырылуда.
Спартакиаданың басты мақсаты – мемлекеттік қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, корпоративтік рухты нығайту. Спорттық жарыстар арқылы билік өкілдері мемлекеттік қызметтің беделін арттыруды, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға жағдай жасауды, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара байланысты күшейтуді көздейді.
Биыл жарыстар төрт жерде Қостанай, Лисаков, Тобыл қалалары мен Әулиекөл ауданында өтуде. Бағдарламада тоғыз спорт түрі қамтылған: мини-футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, шахмат, қазақ күресі, арқан тарту және 3х3 баскетбол.
Әр спорт түрінің өз ерекшелігі бар. Мысалы, мини-футболда 12 адамнан тұратын командалар Тобылда 30 мамыр мен 1 маусым аралығында жүлделі орындар үшін бақ сынайды. Волейболшылар 12–13 мамырда Қостанайда кездеседі. Әр команданың алаңда міндетті түрде екі әйел ойыншысы болуы тиіс. Арқан тарту жарысы 17–18 мамырда Лисаков қаласында өтеді. Онда да командалар құрамында екі әйел болуы керек (барлығы 7 адам).
Тоғызқұмалақ пен шахмат жарыстары швейцарлық жүйе бойынша өтеді. Мұнда әр қатысушының жеке нәтижесі командалық есепке әсер етеді. Жүзу сайысы 18 мамырда Қостанайда ұйымдастырылады, ал қазақ күресіне жанкүйерлер 23–24 мамырда Әулиекөлде жиналады. Спартакиада заманауи форматтарды да қамтиды – мысалы, жастар арасында кең тараған және Олимпиада ойындарына енгізілген 3х3 баскетбол.
Жарыстарға тек дәрігерден анықтама алған немесе жеке жауапкершілік туралы қолхатқа қол қойған саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер ғана қатыса алады. Бір елді мекенде орналасқан мекемелердің біріккен командаларына рұқсат беріледі.
Спартакиада – жай ғана жарыс емес, ведомстволар арасындағы байланысты нығайтатын және ішкі командалық әлеуетті арттыратын алаң. Мұндай іс-шаралар қоғамға үлгі бола алатын белсенді, жауапты әрі дені сау мемлекеттік қызметкерлер қауымдастығын қалыптастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/995418?lang=kk