БҰҰ Еріктілер бағдарламасының Атқарушы үйлестірушісінің Алматы қ. сапары
20.05.2025 08:34:15 55
2025 жылғы 14 мамырда «БҰҰ Плаза» ғимаратында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдік басшысы Жәнібек Әбдрашов Алматы қаласына сапармен келген БҰҰ Еріктілер бағдарламасының Атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясының қарарына сәйкес 2026 жылы өтетін орнықты даму мақсатында еріктілерді жұмылдырудың Халықаралық жылына дайындық мәселелерін талқылады.
Алматы қаласында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын институционализациялау туралы қабылданған қарарды іске асыру аясында БҰҰ Еріктілер бағдарламасының жұмысына ерекше назар аударылды.
Атқарушы үйлестіруші Қазақстанның хабты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, Алматы қаласының халықаралық және өңірлік орталық ретіндегі тразиттік, қаржылық және мәдени әлеуетін атап өтті.
«БҰҰ Плаза» ғимаратына сапары барысында Т. Курбанов Алматы қаласында өз жұмысын жандандырған БҰҰ Еріктілер кеңсесінің жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, оңтүстік астанаға сапары аясында БҰҰ Еріктілер делегациясы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбековпен кездесті және Халықаралық еріктілер жылын дайындау және өткізу шеңберіндегі әкімдіктің іс-шаралары туралы хабардар етілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-almaty/press/news/details/995725?lang=kk