Словенияда батырдың еске алу рәсімі өтті
20.05.2025 16:41:50 209
Сежана қ., 2025 жылғы 14 мамыр - Қазақстанның Словениядағы Елшісі Данияр Сарекенов Сежана қаласының әкімі және муниципалитет өкілдерімен бірге қазақ батыры Кассе Себероның (Қасым Жақыповтың) зиратына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Югославияда партизан жасағының құрамында соғысқан Солтүстік Қазақстан облысының тумасы қазақ жауынгері 1943 жылы қарашада шайқаста өлімші жараланып, Повир ауылы маңында жерленген.
Еске алу шарасына Словенияның бостандығы үшін жанын қиған жауынгердің ерлігі мен жанқиярлығын құрметтеу үшін біріккен жергілікті тұрғындар да қатысты. Бір минуттық үнсіздікпен салтанатты шараға қатысушылар Қазақстан мен Словения халықтарының достығының символына айналған жауынгердің ерлігіне шексіз алғыстарын білдірді.
Бұл салтанатты еске алу шарасы екі ел арасындағы тарихи байланысты нығайтып, бейбіт болашақ үшін күрескендердің ерлігі арқасында сақталған азаттықтың мәңгілік құндылығын еске салады.
Салтанатты шара соңында Қазақстан Елшісі словениялық тарапқа тарихқа ұқыптылықпен қарағаны және фашизмді жеңуге үлес қосқан қаһармандардың есімін мәңгі қалдыруға көмектескені үшін алғысын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/996600?lang=kk