1 ГВт жел энергиясы: Қостанай облысында ең ірі ЖЭК-жобасы салынып жатыр
29.05.2025 08:15:15 638
Қостанай облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы орнықты дамыту және «жасыл» трансформациялау мәселелеріндегі саясаты белсенді жүзеге асырылуда.
Өткен аптада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Күн тәртібінде талқыланған басты мәселелердің бірі - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экологиялық және экономикалық саясаты аясындағы басымдық ретінде белгілеген стратегиялық бағыт – жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту болды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, Қостанай облысы жаңартылатын энергетика технологияларын тиімді енгізудің үлгісін көрсетіп отыр.
2022 жылы Қостанай ауданында қуаты 50 МВт жел электр станциясы іске қосылды.
2023 жылы Арқалық қаласында қуаттылығы 48 МВт болатын тағы бір жел электр станциясының құрылысы аяқталды. Жоба құны 20,3 млрд теңгені құрады.
Ауқымды инвестициялар - өңірдің болашағы
2025-2026 жылдары өңірде ЖЭК саласында жалпы қуаты 1,2 ГВт болатын алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Тартылған инвестициялар көлемі шамамен 580 млрд теңгені құрайды.
Жобалардың ішінде Бейімбет Майлин ауданындағы күн және газ поршенді электр станциялары, сондай-ақ Арқалық және Қостанай ауданындағы жел станциялары бар.
Ерекше жоба - қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы, оның аясында 165 жел генераторын салу жоспарланып отыр.
Энергетика саласындағы төңкеріс: өндіріс 10 есе өсті
Барлық жобаларды іске асыру Қостанай облысында электр энергиясын өндіру көлемін 10 есеге - қазіргі 0,12 ГВт-тан 1,27 ГВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл аймақтың өз қажеттілігін өтеп қана қоймай, артық электр энергиясын көрші өңірлер мен елдерге экспорттауды мүмкін етеді.
Таза энергия – болашаққа қадам
Өңір әкімі Құмар Ақсақалов: «Облыс экономикасын дамыту, инвестиция тарту үшін, ең алдымен, электр энергиясы мен газ бойынша қуаттар қорын қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті.
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, жобалар жүзеге асырылғаннан кейін 2027 жылдың соңына дейін Қостанай облысы баламалы энергияны барынша өндіретін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1002311?lang=kk