Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов БАҚ өкілдерімен өзара байланысты нығайтуда

Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов БАҚ өкілдерімен өзара байланысты нығайтуда

29.05.2025 12:55:27 15143

Қонаев қаласында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы өңірдегі медициналық мекемелердің бас дәрігерлерін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ашық кездесу өткізді. Ержан Әбілқасымұлы ауруханалардың ашықтығы мен қызметінің айқын болуын ерекше атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікір қалыптастыруда, түрлі оқиғалар мен мәселелер туралы халықтың хабардар болуын арттыруда, сондай-ақ қоғам мен медициналық ұйымдар арасындағы диалогты дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Айта кетейік, мұндай форматтағы кездесу алғаш рет ұйымдастырылып отыр және бұл – басқарма басшысының алдағы жұмысындағы негізгі қағидаттардың бірі. Ержан Әбілқасымұлының айтуынша, белсенді БАҚ өкілдерімен мұндай кездесулер тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Бұл тәжірибе оң нәтижелерге әкеледі деп күтілуде.

Кездесу барысында журналистер алғашқы медициналық-санитариялық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жедел жәрдем қызметі, ауылдық амбулаториялар құрылысы сынды өзекті мәселелерді көтерді. Өз кезегінде, басқарма тізгінін қолға алғанына 20 күннен асқан Ержан Әбілқасымұлы, аталған саланы дамытуда инвесторларды тарту маңызды екенін айтып, бұл медициналық қызметтердің сапасын арттыру мен көтерілген проблемаларды шешудің жолы болатынын атап өтті.

Жақын арада облыста жаңа форматтағы call-орталық ашылады деп жоспарлануда. Бұл – Алматы облысы тұрғындарымен тиімді коммуникацияны қамтамасыз ететін жеке бөлімше немесе мамандандырылған бөлім құруды көздейді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауруханалар директорларының алдағы жұмысына ерекше назар аударып, олардың көшбасшылық қабілеті, басқарушылық дағдылары, кәсіби біліктілігі, жұмыс нәтижелілігі және медициналық көмектің сапасына әрі пациенттердің қанағаттануына әсерін бағалау жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл бағытта Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Айман Ғалымжанқызы Ракишеваның жұмысы үлгі ретінде аталып өтті.

Кездесу соңында БАҚ өкілдері Ержан Әбілқасымұлына ашық диалог пен шақырту үшін алғыстарын білдіріп, мұндай тәжірибе болашақта облыстағы барлық медициналық ұйымдардың жұмысына оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1005236?lang=kk