«Қазақстан Республикасында тәуелсіз мейіргерлік қызметтің озық тәжірибелерін енгізу» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
29.05.2025 12:55:29 16897
Қызылорда қаласында «Қазақстан Республикасында тәуелсіз мейіргерлік қызметтің озық тәжірибелерін енгізу» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Оған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла, онлайн режимде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге, Германия, Қырғызстан, Латвия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Финляндия мемлекеттерінің өкілдері, ғалымдар, барлық өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшылары, дәрігерлер, мейіргерлер, медициналық оқу орындары мен клиника басшылары қатысты.
Конференцияда Ақмарал Әлназарова, Ханс Клюге, Скендер Сыла сөз сөйлеп, медицина саласындағы жетістіктерге тоқталды.
Конференцияның мақсаты – халықаралық тәжірибені ескеріп, тәуелсіз мейіргерлік қызметті дамыту, орта медициналық қызметкерлердің денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлін арттыру, олардың басқарушылық, сараптамалық, клиникалық құзыреттілігін нығайту.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлейменов Ержан Абылқасымұлы өз ойымен бөлісті.
«Конференция барысында Германия, Қырғызстан, Латвия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Финляндия мемлекеттерінің өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұл еліміздегі мейіргерлік қызметті дамытуға үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Біз жасалған ұсыныстарды ескере отырып, болашақта тәжірибеге енгізуге тырысамыз», - деді басқарма басшысы.
Іссапар аясында Денсаулық сақтау министрлігінің делегациясы, республикалық медициналық ұйымдар мен өңірлердің денсаулық сақтау басқармасы басшылары облыс орталығы мен аудандардағы медицина ұйымдарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1005233?lang=kk