Дәрі-дәрмектерді таңбалау тетігін енгізу
29.05.2025 13:04:45 16960
Осы жылы Алматы облысы, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында өткен жылдың шілде айында басталған дәрі-дәрмектерді міндетті таңбалау тәжірибесі жалғасын тапты. Бұл жүйе аясында медициналық мекеме тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі Бірыңғай оператордың жүйесінде тіркеліп, таңбалау кодтарымен жұмыс істеуге және дәрі-дәрмектердің қозғалысын оңай бақылауға мүмкіндік беретін жеке кабинетке қол жеткізді.
Медициналық мекеменің провизоры Күлбану Қадыржанқызы Бекмағамбетованың айтуынша, дәрі-дәрмектерді таңбалау – бұл олардың сапасын бақылауға және жалған өнімдердің таралуының алдын алуға бағытталған маңызды құрал. Бұл – өмірлік маңызы бар тетік.
Маманның айтуынша, жүйе тұтынушыларды жалған дәрі-дәрмектерден қорғауға, дәрілік заттардың айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге және олардың барлық кезеңдердегі қозғалысын бақылауға бағытталған. Аурухана басшылығының айтуынша, таңбалау тетігін енгізудің арқасында фармацевтикалық нарық анағұрлым құрылымды әрі қауіпсіз бола түсуде. Бұл – қуанарлық жайт.
Таңбалау рәсімі қаптамаға өндіруші, сериясы, жарамдылық мерзімі мен шыққан жері туралы ақпаратты қамтитын бірегей кодты енгізуді қарастырады. Медициналық препарат берілген кезде ол сканерленіп, деректер ақпараттық жүйедегі базамен салыстырылады. Бұл жөнінде практик-дәрігерлер де айтып отыр.
Провизор Күлбану Қадыржанқызының айтуынша, таңбаланған дәрілерге бақылау Ұлттық дәрі-дәрмектерді таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл дәрілік заттардың қозғалысын тиімді бақылауға, жалған өнімдердің нарыққа түсу мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазіргі таңда науқастар өздері де сатып алынған дәрілердің түпнұсқалығын мобильді қосымша арқылы тексере алады. Бұл тәжірибе ауруханада белсенді түрде қолданылып келеді.
Айта кетейік, таңбалау жүйесінің ең маңызды артықшылықтарының бірі – жалған дәрілердің санын азайту болып отыр. Өйткені контрафактілі дәрі-дәрмектер халық денсаулығына үлкен қауіп төндіреді – оларда көрсетілген белсенді заттар болмауы немесе зиянды компоненттер болуы мүмкін. Бұл туралы Қонаев қаласының тұрғындары да айтып жүр, олар дәрі-дәрмектерді дәл осы ауруханадан алады. Сонымен қатар, таңбалау реттеуші органдардың тарапынан бақылауды күшейтіп, жеткізу тізбегінің кез келген кезеңінде заңбұзушылықтарды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Бұл нарықтың ашықтығын арттырып, тұтынушыларға сапалы дәрі-дәрмек алуға деген сенімділікті қамтамасыз етеді.
Дәрі-дәрмектерді таңбалау тетігін енгізу – бұл пациенттердің қауіпсіздігін арттыру және ашық фармацевтикалық нарықты қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Маман пікірінше, бұл бастаманың одан әрі дамуы фармацевтикалық салаға деген сенімді күшейтіп, ауруханадан немесе дәріханадан дәрі алу үдерісін азаматтар үшін барынша қауіпсіз етеді. Ең бастысы – нарықтың барлық қатысушылары өзгерістерге сәтті бейімделіп, ал тұтынушылар еш алаңсыз сапалы әрі сертификатталған дәрілерді қабылдай алуы тиіс.
Айта кету керек, бұл жүйе аурухананың амбулаториялық қызметінде ғана емес, стационар бөлімшелерінде де белсенді түрде енгізілген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1005290?lang=kk