Қостанай облысында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша облыстық кеңес өтті

Қостанай облысында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша облыстық кеңес өтті

29.05.2025 14:13:10 649

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында Қостанай облысында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша облыстық кеңес өтті.

Президент бірнеше рет атап өткендей, қазіргі таңда әлемдік деңгейде капитал үшін күрес күшейіп отыр. Мұндай жағдайда дер кезінде шешім қабылдап, жедел әрекет ету – басты талап. Осыған байланысты өңір үшін индустриялық, инфрақұрылымдық және аграрлық бастамаларды іске асыру маңызды басымдық болып табылады.

Кеңес жұмысына облыстық басқармалар басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ инвестициялық жобалардың бастамашылары мен өкілдері қатысты.

Өнеркәсіптік сектордағы негізгі жобалар
Кеңес барысында өңір экономикасы үшін елеулі нәтиже беретін бірқатар жүйелі жобалар қаралды. Олар өңдеу өнеркәсібінің өсіміне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және ілеспе салалардың дамуына ықпал етеді.

Атап айтқанда:

KIA автокөлік зауыты (105 млрд ₸, қуаты – жылына 70 мың автокөлік, 1 500 жұмыс орны);

KamLitKZ жетекші көпір тетіктерін шығару зауыты (82,5 млрд ₸, 550 жұмыс орны);

ERG және ССГПО жүзеге асыратын ыстық брикеттелген темір өндірісі жобасы (532 млрд ₸, жылына 2 млн тонна, 1 000 жұмыс орны);

Solidcore Resources компаниясының жаңартылатын энергия көздері жобалары — күн және газпоршеньді электр станциялары, сондай-ақ газ тарату станциясы;

«Кондитерлік астана» фабрикасы, астықты терең өңдеу зауыты, автокомпоненттер өндірісі мен «Qostanay» құрғақ порты сияқты логистикалық жобалар.

Әрбір жоба бойынша инвестор өкілдері тыңдалып, инфрақұрылымдық және рәсімдік мәселелерді шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Олардың қатарында – жер телімдерін бөлу, инженерлік желілерге қосылу, сараптама қорытындыларын алу мәселелері бар.

АӨК саласындағы инвестициялар
Кеңестің жеке блогында Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тарату аясында аудандар ұсынған АӨК саласындағы 34 жоба қаралды. Жалпы жоспарланған инвестиция көлемі — 110,6 млрд ₸.

Оның ішінде:

«Тобыл» ӘКК арқылы — 82,3 млрд ₸,

жеке қаражат — 15,5 млрд ₸,

басқа көздерден — 12,8 млрд ₸.

Бүгінде 42,4 млрд ₸ болатын 15 жоба жобалық-сметалық құжаттамамен қамтамасыз етілген. Қаржыландыру тетіктері пысықталып жатыр.

Аудан әкімдері жобалардың дайындық деңгейі мен қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндама жасады. Жобалардың техникалық қана емес, экономикалық негіздемесі де нақты болуы тиіс — шикізат көзі, өткізу нарығы және бизнес-модель анық болуы керек.

Аудан және қала әкімдеріне қойылған талаптар
Облыс әкімі барлық инвестициялық жобалардың жеке бақылауында екенін атап өтті. Аудан әкімдеріне формализмге жол бермей, шынайы мазмұны бар бастамалармен айналысу тапсырылды.

«Әкімдерге тапсырма: әдемі есеп емес, нақты жұмыс көрсетіңіздер. Жұмыс орындары, салық түсімдері мен халық табысы артатын жобалар қажет», – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, бірқатар аудандар ұзақ уақыт бойы бірде-бір жаңа жоба ұсынбаған. Бұл – бүгінгі жағдайда, әсіресе жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге сұраныс артып тұрған кезде, жол беруге болмайтын жағдай.

Сондай-ақ, әкімдіктердің сайттарында инвестициялық әлеует бойынша ақпаратты жаңарту, «Тобыл» ӘКК, Kazakh Invest және салалық басқармалармен тығыз байланыс орнату қажеттігі атап өтілді.

Қорытынды
Кеңес қорытындысы бойынша әрбір бағыт бойынша жұмысты жандандыру, жобаларды іске асыруға толық дайындау және алдағы айларда нақты нәтиже көрсету тапсырылды.

«Даму – ұран емес. Бұл – барлық деңгейдегі жүйелі, күнделікті әрі талапшыл жұмыстың нәтижесі», – деп қорытындылады облыс әкімі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1006498?lang=kk