Қазақстан мен Сан-Марино екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда
29.05.2025 14:56:44 583Астана, 2025 жылғы 28 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сан-Мариноның Қазақстандағы Елшісі (қоса атқарушы) Джон Маццамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Географиялық қашықтыққа қарамастан, Қазақстан мен Сан-Марино халықаралық ұйымдар аясындағы өзара қолдауға негізделген конструктивті және достық қатынастарды сақтап отырғаны аталып өтті.
Дипломаттар саяси диалогты дамыту мен экономикалық саладағы, әсіресе туризм бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда 2025 жылғы 5 қаңтарда күшіне енген Визалық талаптарды өзара жою туралы келісімді жүзеге асырудың өзара байланыстарды және мәдени-гуманитарлық алмасуларды жандандырудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Күн тәртібіндегі жекелеген мәселе ретінде халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық қарастырылды. Сан-Марино тарапына Қазақстанның бастамаларын, атап айтқанда, 2025 жылғы 4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен құрылған Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға және конструктивті диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1006683?lang=kk