Астанада түрік және қатарлық компаниялардың қатысуымен ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Астанада түрік және қатарлық компаниялардың қатысуымен ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылады

29.05.2025 17:01:35 297

Астана, 2025 жылғы 28 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен «Kazak Protein» ЖШС бас директоры Юлдыз Коксал Салих Қазақстандағы ең ірі агроөнеркәсіптік жобалардың бірін жүзеге асыруға бағытталған инвестициялық келісімшартқа қол қойды. Жоба «Tiryaki Agro» түрік холдингі мен «Hassad Food» қатарлық компаниясының қатысуымен, сондай-ақ «Kazakh Invest» ұлттық компанияcының қолдауымен іске асырылуда.

Кешен Астана қаласының Байқоңыр ауданында салынып, еліміздегі дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдарды терең өңдеуге бағытталған, толық өндірістік циклді қамтитын алғашқы кәсіпорын болады. Инвестиция көлемі шамамен 320 миллион АҚШ долларын құрайды, ал құрылыс және пайдалану кезеңдерінде 500-ден астам жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Кешеннің қуаттылығы жыл сайын 250 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақты қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Өндірілетін өнімдер – бидай мен бұршақ крахмалы, глютен, лизин, ГФС-55 шәрбаты, құрама жем, бұршақ ақуызының изоляты және басқа да құрамдас бөліктер – ішкі нарыққа да, ТМД, ЕО елдеріне, Түркияға, Солтүстік Америка мен Оңтүстік Шығыс Азияға экспорттауға бағытталады.

Кездесу барысында Ғ.Оспанқұлов жобаның шикізаттық емес агроөнеркәсіпті дамыту және елдің экспорттық әлеуетін нығайту үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті: «Бұл жоба – қазіргі Қазақстандағы агроөнеркәсіптік дамудың қандай болуы керектігінің жарқын үлгісі. Яғни, бұл – жоғары технологиялық, экспортқа бағытталған және терең өңдеуге негізделген өндіріс. Біз ұзақ уақыттан бері шикізаттық модельден бас тартуды көздеп келеміз және түрік пен қатарлық ірі инвесторлардың қатысуымен жасалған бұл келісім Қазақстанның ірі индустриялық бастамалары үшін тартымды орталыққа айналып келе жатқанын дәлелдейді. Инвестициялар комитеті мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде – әкімшілік рәсімдерді сүйемелдеуден бастап, сыртқы нарықтарға шығуға жәрдемдесуге дейін жан-жақты қолдау көрсететін болады», – деді ол.

«Kazak Protein» ЖШС бас директоры Юлдыз Коксал Салих компанияның Қазақстанды өңірдегі негізгі серіктес ретінде қарастыратынын атап өтіп, жобаның әлеуетіне жоғары баға берді: «Біз өзіміздің халықаралық тәжірибеміз бен тұрақты өндірістік технологияларымызды қолдана отырып, Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып отырғанымызды мақтан тұтамыз. Қазақстандық және қатарлық серіктестерімізбен бірлесіп, бұл жобаның тиімді агроөнеркәсіптік кооперацияның үлгісіне айналатынына және өңірлік әрі жаһандық жеткізу тізбектерін дамытуға серпін беретініне сенімдіміз», – деді ол.

«Tiryaki Agro» – ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 55 еліне экспорттайтын Түркиядағы ең ірі агрохолдингтердің бірі. Компанияның жылдық айналымы 2,5 миллиард АҚШ долларынан асады, ал сату көлемі 4 миллион тоннадан жоғары. 2019 жылы «Tiryaki Agro» Fortune-500 нұсқасы бойынша Түркиядағы ең ірі жеке компаниялар рейтингінде 64-орынды иеленген.

«Hassad Food» – азық-түлік және агроөнеркәсіптік жобаларға маманданған «Qatar Investment Authority» (QIA) қорының еншілес кәсіпорны. «Hassad Food» халықаралық деңгейде Аустралия, Канада, Түркия, Оман және басқа елдердегі стратегиялық маңызды кәсіпорындарға инвестиция салған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/1007392?lang=kk