Қостанай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуы талқыланды
29.05.2025 17:41:28 682
Қостанай облысы әкімдігінде өңір әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жөнінде жұмыс кеңесі өтті.
Аталған бағдарлама Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, экологиялық мәдениетті көтеруге және қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
2024 жылдың аралық нәтижелері
Кеңесте сөйлеген сөзінде Құмар Ақсақалов 2024 жылы Қостанай облысында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті:
327 сквер мен аулалық аумақ абаттандырылды;
354 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылды;
133 мыңнан астам ағаш отырғызылды;
13,5 мың жаңа көше шамы орнатылып, көшелерді жарықтандыру деңгейі 80%-дан 90%-ға дейін артты;
71 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді;
362 апатты және қараусыз қалған ғимарат сүрілді.
2025 жылға арналған бюджет және басымдықтар
Аталған жұмыстар биыл да жалғасуда.
2025 жылы елді мекендерді абаттандыруға 12,7 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артық.
Бөлінген қаражаттың құрылымы:
44%-дан астамы – көгалдандыру, саябақтар мен скверлерді дамытуға;
30%-дан астамы – көпқабатты үйлердің шатыры, балконы және қасбеттерін жөндеуге бағытталған.
Өңір басшысы қала келбетінің бірыңғай стилін сақтау қажеттігін атап өтті:
«Ғимараттардың қасбеттерінде ашық, айқайлап тұратын түстерден бас тартып, сабырлы реңктерге – сұр-қызғылт кірпішті және беж түстерге басымдық беру қажет. Тұрғын үйлерге жақын бос аумақтарда шағын скверлер мен жасыл аймақтар жасақталуы тиіс», — деді Құмар Ақсақалов.
Азаматтарды тарту және кері байланыс
Кеңес барысында халықтың бағдарламаға қатысуы мен хабардар болу деңгейіне де ерекше назар аударылды.
Талдау нәтижесі бойынша, облыстың бес ауданында Telegram желісіндегі «Таза Қазақстан» чат-боты арқылы бірде-бір өтініш түспегені анықталған. Бұл — халықтың мүмкіндіктен бейхабар екенін көрсетеді.
«Азаматтардан өтініш түспеуі — бәрі жақсы дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл — халықпен жұмыс әлсіз жүргізіліп жатқанын білдіретін үлкен мәселе. Бағдарламаның тиімділігін анықтайтын басты көрсеткіш — тұрғындардың қатысуы мен белсенділігі», — деп атап өтті өңір басшысы.
Жүйелі жұмыс — табыстың кепілі
Құмар Ақсақалов «Таза Қазақстан» — бұл бір реттік акция емес, жүйелі, кешенді және ұзақ мерзімді жұмыс екенін атап өтті. Ол барлық деңгейдегі әкімдерден бағдарламаның әрбір бағытын жеке бақылауда ұстауды және халықпен ашық диалог жүргізуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1007444?lang=kk