Отандастарымыздың жинақталған таза инвестициялық кірісі 11,59 трлн теңгеге жетті
30.05.2025 09:31:50 308
2025 жылғы 1 мамырдағы көрсеткіш бойынша 2014 жылдан бастап жинақталған (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) таза инвестициялық табыс 11,59 трлн теңгеге тең. Жүзеге асырылған төлемдерді қоса алғанда қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі жинақталған таза инвестициялық кірістің үлесі 39,8% жетті.
Осылайша, азаматтардың зейнетақы жинақтарының елеулі бөлігі инвестициялық табыс есебінен құралды. Соңғы 10 жылда зейнетақы қаражатын инвестициялау тиімділігінің айтарлықтай өсуі байқалады, бұл салымшылардың (алушылардың) жинақ сомасын едәуір ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстандағы зейнетақы жинақтары — азаматтардың зейнетке шығу кезеңіндегі қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялаудың стратегиялық құралы. Икемді инвестициялық саясат пен активтерді әртараптандырудың арқасында еліміздің зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді тұрақты өсім көрсетіп, инфляциялық тәуекелдерден қорғана алатынын паш етті.
Зейнетақы активтерінің қысқа мерзімді жеке кезеңдердегі кірістілігі оларды басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды. Өйткені қаржы құралдары мен басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі қысқа мерзімде есептелген кірістер осы кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының өзгеруін әрдайым жаба бермейді. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін объективті талдауды кем дегенде бір жылдық көрсеткіші бойынша жасаған жөн.
Үнемі өзгеріп отыратын экономикалық орта жағдайында міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналар есебінен қалыптастырылып, ҚРҰБ басқаратын, соңғы 12 айда салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің табыстылығы 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 13,35% құрады. Бұл кезеңдегі инфляция мөлшері – 10,70%. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен сол кезеңдегі зейнетақы активтерінің кірістілігі 9,03% көрсетті.
Орта және ұзақ мерзімді келешекте зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) табыстылығы қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 мамырға дейін жинақталған инвестициялық кірістілік 968,60% болды, ал бүкіл кезеңдегі инфляция 875,10%.
Сондай-ақ, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік берілетінін еске саламыз. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алу жүйесі толықтай ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-glubokoe/press/news/details/1007720?lang=kk