Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі Спартакиада өтті

Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі Спартакиада өтті

30.05.2025 20:11:25 891

Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер мен күш құрылымдарының өкілдері арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында дәстүрлі XVII Спартакиада ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық дода 28–29 мамыр күндері Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» және «Нұр-Аман» спорт кешендерінде өтті.

Жарысқа облыстың 9 ауданы мен Қонаев қаласынан, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарынан құралған 16 команда қатысты. Қатысушылар саны 700-ге жуықтады.

Биылғы Спартакиада тоғызқұмалақ, қазақ күресі, шахмат, үстел теннисі, жүзу, 3x3 баскетбол, арқан тарту, волейбол және мини-футбол сынды тоғыз спорт түрін қамтыды. Жарыстар екі санат бойынша ұйымдастырылып, аудан әкімдіктері мен күш құрылымдары қызметкерлері жеке-жеке сынға түсті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев айтуынша, мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметкерлердің табандылығы мен мақсаткерлігін, ұжымшылдық пен жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етеді.

– Мемлекеттік қызметші – кәсіби маман болумен қатар, қоғамға үлгі болатын тұлға. Сондықтан оның келбеті салауатты өмір салтымен ұштасуы тиіс. Спартакиада – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – әріптестер арасындағы ынтымақтастық пен командалық рухты нығайтатын маңызды алаң, – деді ол.

Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек те Спартакиаданың қоғамдағы салауатты өмір салтын насихаттаудағы маңызын атап өтті.

– Спорт бүгінде ұлттық идеяға айналды. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы Спартакиада – бұқаралық спортты дамыту жолындағы нақты қадам. Мұндай жарыстар дене дайындығымен қатар, ой ұшқырлығын, тәртіп пен ұйымшылдықты талап етеді. Сонымен қатар, бейресми жағдайда әріптестермен жақынырақ танысуға да мүмкіндік береді, – деді ол.

Жарыс нәтижесінде үздік атанғандар арасында қазақ күресінен Дамир Карим, шахматтан Жанарбек Жұмабеков, жүзуден Әсем Алмағанбет, сондай-ақ мини-футболдан облыс әкімдігі командасы мен тоғызқұмалақ және 3x3 баскетболдан Кеген ауданының командалары ерекше көзге түсті.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Жеңіс тұғырынан көрінген үздіктер енді 10–18 маусым күндері Өскемен қаласында өтетін республикалық Спартакиадада облыс намысын қорғайтын болады. Бұл — мемлекеттік қызметшінің спортқа деген ынтасын арттырып қана қоймай, салауатты қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1008659?lang=kk