Назарбаев университетінде ISEMD 2025 – IV Халықаралық жаңа материалдар мен құрылғылар симпозиумы өтті
02.06.2025 18:42:08 814
Назарбаев университетінде ISEMD 2025 – IV Халықаралық жаңа материалдар мен құрылғылар симпозиумы өтті
28-30 мамыр аралығында Nazarbayev University-де (NU) IV Халықаралық жаңа материалдар мен құрылғылар симпозиумы (ISEMD 2025) өтті. Симпозиум барлығы Испания, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Түркия, Финляндия, Эквадор, Өзбекстан, Ресей және Қазақстаннан 180-ден астам зерттеушінің басын қосты. Қазақстандық қатысушылар арасында ҚазҰУ, Satbayev University, Abai University, Astana IT University және басқа да жоғары оқу орындары бар. Қатысушылар биомассадан жасалған препараттар, электроникаға арналған «ақылды» полимерлер, болашақтың отыны сынды ғылыми мәселелерді талқылады.
«Климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның нашарлап тозуы аясында тұрақты энергетикалық шешімдер өте маңызды», - деп атап өтті NU президенті доктор Вакар Ахмад құттықтау сөзінде. «Жаңартылатын энергетика саласындағы зерттеулер мен білім – біздің миссиямыздың негізгі бөлігі. Біз күн, жел және таза энергияның басқа да түрлері саласында инновациялық технологияларды әзірлеуге және енгізуге қабілетті болашақ көшбасшыларды дайындап жатырмыз», – деді ол.
Ғылыми бағдарлама аясында күн батареялары, биомасса, сутекті өндіру және сақтау, кванттық қосымшаларға арналған топологиялық материалдарды қамтыған 40-тан астам баяндамалар қорғалды. Көпшілікті қазақстандық әзірлемелер қызықтырып, талқыға салынды. NU жанындағы Жаңартылатын энергия зертханасының командасы икемді электроника мен биосенсорларға арналған кеуекті полимерді ұсынды. Ол деформацияға төзімді әрі киілетін құрылғылардың тиімділігін арттырады. Ал биомасса бойынша жұмыс істейтін топ аға ғылыми қызметкер Минавар Шаймарданның жетекшілігімен Қазақстан үшін бірегей зерттеуді, атап айтқанда, фурфурал (жүгері собықтарынан алынған органикалық қосынды) негізіндегі гипертонияға қарсы дәріні ұсынды. Фурфурал – АҚШ Энергетика министрлігінің айтуы бойынша перспективалық биозаттардың бірі.
«Біздің басты міндетіміз – Қазақстанда әлемнің түкпір-түкпірінен мықты ғалымдарды жинау. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулерді дамытуға және Қазақстанның жетістіктерін ілгерілетуге көмектеседі», – деп атап өтті NU жанындағы National Laboratory Astana Жаңартылатын энергия көздері зертханасының басшысы профессор Нұршат Нұражы.
«Қазақстандағы ғылымның белсенді дамуы мен университет жүйесіндегі орасан зор жетістіктер мені шын жүректен таңғалдырады. Сіздердің талантты студенттеріңіз біздің Шотландия және Оксфордтағы зертханамда тағылымдамадан өтіп, керемет нәтижелер көрсетті», – деді Батыс Шотландия университетінің профессоры Моджтаба Мирзаэян.
Симпозиум Қазақстанды ірі академиялық орталыққа айналдыру жолындағы министрліктің рөлін тағы бір мәрте айқындап берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1010088?lang=kk