Тереңөзек кенті және Асқар Тоқмағанбетов ауылында есепті кездесулер өтті
02.06.2025 19:52:42 704
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың есепті кездесулері Тереңөзек кенті мен Асқар Тоқмағанбетов ауылында өтті. Кездесулерге облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Аудан басшысы кездесу барысында облыс көлемінде жүзеге асып жатқан жобалар мен аудандағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Өңіріміз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындарда. Облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Биыл облыс аумағындағы барлық елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Президентіміздің Катар еліндегі іс-сапарда үкіметаралық келісім шеңберінде қуаттылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жаңа бу газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағында салынатын болады. «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Бүгінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аудан орталығында құны 1,5 млрд. теңге болатын «Руханият» орталығының құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталды. Аудан халқы 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Соңғы 3 жылда 670 млн. теңгеге Тереңөзек кенті, Шаған, Қоғалыкөл, Аманкелді елді мекендерінде ауыз су желілері жаңартылды. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында құны 241,1 млн. теңгеге Тереңөзек кенті және Аманкелді елді мекеніндегі медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтті. Тереңөзек кентінде 465 млн. теңгеге тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптауға арналған полигон пайдалануға берілді.
Есепті кездесулерде тұрғындар елді мекеннің өзекті мәселелерін жеткізіп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі барлық мәселе назарда болатынын айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1010081?lang=kk