Атырау облысында битум зауытының құрылысы талқыланды
08.06.2025 17:49:12 187
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов инвесторлар өкілдері – Serbi Technologies компаниясының басшысы Йоссеф Бокрис және «Atyrau-Bitum» ЖШС бас директоры Қайырбек Олдағалиевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Serbi Technologies пен «Atyrau-Bitum» компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құру және өңір аумағында жаңа битум зауытын салу бағыттарын талқылады. Бастама жол құрылысы саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті битумға деген сұраныстың бір бөлігін өтеуге бағытталған. Өндірісті жолға қою логистикалық шығындарды азайтып, бағаны тұрақтандыруға және құрылысшыларды қажетті ресурстармен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Битум өндірісін қосымша өңдеуді қажет етпейтін табиғи битумды кир жыныстары негізінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өндіріс шығындарын азайтуға, экологиялық тұрақтылықты арттыруға және мұнай битумына тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.
Жобаның үшінші кезеңінде жол құрылысына арналған кироминералды қоспалар, жол битумы мен мастика, лак-бояу өнімдері, сондай-ақ рулонды гидрооқшаулағыш материалдар сияқты кең ауқымды өнім шығару көзделген.
Кездесу барысында тараптар болашақ ынтымақтастық мәселелерін талқылап, жобаны іске асыру жөніндегі ортақ көзқарастарын ортаға сала отырып, бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді. Бастама өңірдің құрылыс саласын дамытуға, өндірісті әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосымша серпін бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1012494?lang=kk