Қостанай облысында «жасыл» алюминий өндіру жөніндегі ауқымды жобаны іске асыру мәселесі талқылануда

Қостанай облысында «жасыл» алюминий өндіру жөніндегі ауқымды жобаны іске асыру мәселесі талқылануда

09.06.2025 17:12:14 99

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қытайдың East Hope Group корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсинмен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа инвестициялық жобаның перспективалары талқыланды. Жиынға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты.

Жоба аясында Қостанай облысында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып, циркулярлы экономика қағидаттарына негізделген толық циклді алюминий өндіретін индустриялық парк салу көзделіп отыр. Жобаны іске асыру 2025–2029 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өңірге тартылатын инвестиция көлемі шамамен 3 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Бірінші кезеңде:

  • жылына 6 миллион тоннаға дейін боксит өңдейтін тау-кен байыту комбинатының құрылысы;
  • глинозем өндірісін іске қосу;
  • барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымды салу жоспарланып отыр.

Қостанай облысы сумен, газбен, электр энергиясымен қамту желілеріне, сондай-ақ теміржол мен автокөлік жолына жақын орналасқан 800 гектар жер телімін ұсынуда. Сонымен қатар, салықтық және әкімшілік жеңілдіктерді қарастыратын арнайы экономикалық аймақ құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Облыс әкімінің ұстанымы:

«Қостанай облысында алюминий өндіру жобасын іске асыру — стратегиялық маңызды қадам. Бізде барлық қажетті алғышарттар бар: табиғи ресурстар, инфрақұрылым, логистика және барлық деңгейде қолдау бар. Біз өндірістік кешенді толық орналастыруға және инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді Құмар Ақсақалов.

Аталған жоба Мемлекет басшысы алға қойған – әртараптандырылған, технологиялық және экологиялық тұрғыдан орнықты экономиканы қалыптастыру жөніндегі негізгі міндеттерге толық сәйкес келеді. Оның іске асырылуы Қостанай облысы мен бүкіл солтүстік өңірдің өнеркәсіптік дамуына қуатты серпін береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1014041?lang=kk