Талдықорған қаласының орталық алаңында «Өз елім» «Өз елім» — ұлттық рухты ұлықтаған кеші өтті
13.06.2025 18:32:42 418
Талдықорған қаласының Орталық алаңында Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясы III маусымының жабылуына және әйгілі композитор, халықтың сүйікті ұлы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Өз елім» атты рухани-музыкалық концерт өтті.
Кешті Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі ұсынды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, композитор Әли Алпысбаев. Дирижері – халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Есбергенов.
Кеш бағдарламасында көрермендер Нұрғиса Тілендиевтің ел жүрегінен орын алған: «Ақ шағала», «Жүрегім менің», «Жан сәулем», «Алатау», «Құстар әні», «Саржайлау», «Өз елім» сынды туындыларымен қатар, халық күйлері мен аспаптық шығармаларды тыңдап, шынайы өнерге сусындады.
Концертке жиналған қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық өнердің биік деңгейіне тағы бір мәрте көз жеткізіп, орындаушыларға ыстық ықыластарын білдіріп, зор қошемет көрсетті. Бұл кеш – өнер мен ұлттың рухани байланысын бекемдеген ерекше сәтке айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1017344?lang=kk