«Көкшетау» мәдениет сарайында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті
13.06.2025 19:33:42 407
Адам өмірі мен денсаулығы үшін жан аямай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Жиынды ашқан жүргізушілер медицина қызметкерлерінің ел өміріндегі маңызды рөліне тоқталып, оларға шексіз алғыс білдірді. Ақмола облысының әкімі Ахметжанов Марат Мұратұлы сөз сөйлеп, дәрігерлер мен медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік жиында бірқатар үздік мамандар марапатталды. Еңбек жолында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Сонымен қатар, халық денсаулығын сақтау ісіне қосқан зор үлесі мен ұзақ жылғы адал еңбегі үшін бірнеше қызметкерге «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі тапсырылды.
Атап айтқанда, Аршалы аудандық ауруханасы мен №2 Көпбейінді облыстық аурухананың 6 дәрігері ерекше кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетті. Олар өте ауыр жағдайда түскен науқастың өмірі үшін 14 сағат бойы үздіксіз күресіп, жүрегі төрт рет тоқтап қалған әйелді аман алып қалды. Осы ерен еңбегі үшін аталған дәрігерлер «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Бұл марапат – тек кәсіби шеберлік пен жанкештіліктің емес, сондай-ақ адам өміріне деген шексіз жауапкершіліктің дәлелі.
Медицина қызметкерлерінің құрметіне арналған салтанатты жиын шынайы өнердің мерекесіне айналды. Бұл кеште сахна төрінде – Ақмола өңірінің мақтанышына айналған ұжым – Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Эстрада-үрлемелі оркестрі өнер көрсетті.
Көрермен қауымды ерекше әуез, кәсіби шеберлік пен жүректі тербейтін үнге бөлеген оркестрдің жетекшісі – Қазақстан мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқан, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Ерназар Оразалы. Оның жетекшілігімен оркестр әр туындыны асқан жауапкершілікпен, терең музыкалық сезіммен орындап, салтанатты кештің рухын асқақтатты.
Сахна төріне шыққан республикалық байқаулардың лауреаттары – Айнабек Оразалы, Саида Сағди, Мадиар Абай және Серікболсын Бекмолдин – өздерінің жарқын, кәсіби деңгейдегі орындаушылықтарымен көрермен көңілін баурап, өнердің биік үлгісін көрсетті.
Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген «Аламан» тобының сахнадағы харизмасы мен кәсіби деңгейі кештің шынайы музыкалық көркіне айналды.
Кеш соңында тыңдарманды толғандырған әсерлі нөмір — композитор Леся Кимнің «Спасибо докторам!» әні болды. Бұл шығарманы ерекше тебіреніспен орындаған — «Шапағат» мемлекеттік медалінің иегері Аякөз Қалмағанбетова мен «Халық алғысы» медалінің және «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Жанат Есов.
Сондай-ақ, шараның тізгінін ұстаған танымал тележүргізуші Көкше елінің тумасы Ардақ Қасымханов пен өңіріміздің жас талантты жүргізушісі Амина Қайратова.
Марапаттау рәсімін «Көкшетау» мәдениет сарайының «Он алты қыз» халықтық би ансамблінің қатысушылары өткізді.
Бұл кеш — денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне деген халықтың алғысы мен құрметінің жарқын көрінісі болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-madeniet/press/news/details/1017390?lang=kk