ГРУЗИН КӘСІПКЕРЛЕРІ ҚАЗАҚСТАНҒА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА МҮДДЕЛІ
13.06.2025 20:43:27 506
2025 жылғы 4-5 маусымда Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің бастамасымен «Қазақстан-Грузин экономикалық бірлестігі» Атырау қаласында екі ел арасындағы сауда және инвестициялар саласындағы әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ трансшекаралық логистиканы, туризмді және мәдени байланыстарды дамытуға ықпал етуге арналған бизнес-форум ұйымдастырды.
Грузиядан 30-дан астам ірі грузин кәсіпорындарының басшыларын қамтитын бизнес-делегация жақында ашылған «Тбилиси-Атырау» тікелей әуерейсімен бірінші өңірлік бизнес-форумға қатысу үшін «Қазақстанның мұнайлы астанасына» барды.
Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшісі Мәлік Мырзалин құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан бүгінде Грузияның сегізінші ірі сауда серіктесі екенін атап өтті. Тек өткен, 2024 жылы, Грузияның ұлттық статистика қызметінің мәліметі бойынша, екіжақты сауда айналымы 922 миллион долларды құрады. Ал соңғы үш жылда екі ел арасындағы тауар айналымы 3,5 есеге жуық өсті.
Транскаспий халықаралық көлік бағытының өсіп келе жатқан рөлі жағдайында Қазақстан мен Грузияны байланыстыратын сауда дәліздерінің тиімді жұмыс істеуіне ерекше назар аударылды. Үш жыл ішінде, яғни 2022 жылдан 2024 жылға дейін осы бағыт бойынша тасымалдау көлемі 3 есеге көбейіп, 1,5 млн тоннадан 4,5 млн тоннаға дейін өсті.
Елші қазақстандық және грузиндік бизнесмендерді өзара іскерлік сапарлар жасауға, өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін бірлескен жобаларды дамытуға шақырды.
Өз кезегінде облыс әкімі Серік Шапкенов Атырау – Қазақстанның жетекші индустриялық және инвестициялық маңызды өңірлерінің бірі екенін және түрлі бағыттар бойынша экспорттық-импорттық операцияларға, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құруға дайын екенін атап өтті.
Бизнес-форум 2023 жылы құрылған Атырау мен Боржоми арасындағы бауырластық қатынастардың логикалық жалғасы болды. Мәдени алмасу аясында маусым айында Атырау облысынан 16 оқушы Грузияда демалды, ал шілде айында Атырау грузин балаларын қабылдайды.
Форум аясында екі ел бизнесмендерінің B2B-кездесулері өтті, олардың барысында өзара қызығушылық тудыратын инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері, көлік-логистикалық орталықтар құру, агроөнімдерді жеткізуді кеңейту, туризмді дамыту, бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері талқыланды.
Форумның екінші күні Грузия делегациясының мүшелері жергілікті бизнес-қоғамдастықпен одан әрі өзара іс-қимылдың түрлі аспектілерін пысықтау үшін облыстың кәсіпорындары мен туристік орындарына барды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tbilisi/press/news/details/1017437?lang=kk