Түлектерге диплом тапсыру – өмір жолындағы жаңа белес

Түлектерге диплом тапсыру – өмір жолындағы жаңа белес

30.06.2025 17:41:45 330

Қазіргі күндері еліміздің барлық жоғары оқу орындарында түлектерге диплом тапсыру салтанатты рәсімдері өтуде. Мыңдаған жас үшін бұл – дербес кәсіби өмірге бастар маңызды кезең. Бұл үрдістен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті де тыс қалған жоқ – бүгін мұнда университет түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті.

Бұл шара – оқу жылының аяқталуына арналған бір апталық мерекелік іс-шаралардың қорытындысы болды. 2024–2025 оқу жылында аталған оқу орнынан 2392 студент жоғары білім туралы диплом алып шықты. Университет құрылған күннен бері 190 мыңнан астам маман түлеп ұшып, ел экономикасының, білім беру, құқық және мемлекеттік басқару салаларының дамуына елеулі үлес қосты.

Бүгінгі түлектерге жылы лебізін білдіріп, сәттілік тілеген Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов университеттің өңір дамуындағы стратегиялық рөлін атап өтті:

– Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет – жоғары білікті кадрлар даярлауда алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді, – деді Бақытжан Нарымбетов.

Мүмкіндіктерге жол ашқан университет

Baitursynuly University бүгінде – заманауи талаптарға сай, қарқынды дамып келе жатқан көпсалалы жоғары оқу орны. Мұнда 8500-ге жуық студент білім алуда. Университет құрамында бес факультет пен бір институт жұмыс істейді. Бакалавриат, магистратура және PhD-докторантура бойынша 140 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. 500-ден астам оқытушы студенттерге сапалы білім беруді қамтамасыз етуде.

– Біздің мақсатымыз – студенттерімізге барынша көп мүмкіндік беру, – деді университет ректоры Сейтбек Қуанышбаев. – Біз халықаралық әріптестікті дамытып, қос дипломды бағдарламалар санын көбейтіп келеміз.

Әлемдік деңгейдегі білім

2021 жылдан бастап университет Литваның Витаутас Магнус университетімен (Каунас қаласы) бірлескен қос диплом бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұл оқу орны QS World University Rankings жаһандық рейтингінде әлемдегі үздік 750 университеттің қатарына енген.

Биыл алғаш рет Қостанай облысында «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасы бойынша екі студент қыз осы бағдарлама аясында оқуын сәтті аяқтап, бірден екі – қазақстандық және еуропалық үлгідегі диплом алды.

– Қос диплом – үлкен мүмкіндік, – дейді түлек Әлия Сыздық. – Бұл – бір уақытта екі университеттен білім алу, кәсіби көкжиегіңді кеңейту. Біздің университетке, ұстаздарға қолдау көрсетіп, сенім білдіргені үшін шексіз алғысымды білдіремін.

– Біз бір оқу жылын Литвада өткіздік, – дейді Сабина Қабдыева. – Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын меңгеріп, ағылшын тілін жетілдірдік, еуропалық мәдениетпен таныстық. Бұл – мен үшін баға жетпес тәжірибе. Енді шетелде тәжірибеден өтіп, жұмыс істеу мүмкіндігіміз бар. Болашақ талапкерлерге осындай мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланып көруге кеңес беремін!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1027053?lang=kk