РХБҚ әскерлерінің мамандары кәсіби мерекесін атап өтуде

РХБҚ әскерлерінің мамандары кәсіби мерекесін атап өтуде

02.07.2025 10:21:36 198

1992 жылғы 2 шілдеде ҚР Қорғаныс министрлігінің құрамында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімі құрылды. Оның негізінде 2020 жылы радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс және экологиялық қауіпсіздік әскерлері департаментінің құрылуымен олардың рөлі едәуір артты.

РХБҚ әскерлерінің негізгі мақсаты - шығындарды азайтуға және радиоактивті, химиялық және биологиялық ластану жағдайында қойылған жауынгерлік тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етуге, жоғары дәлдіктегі қарудан қорғауға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізу. Бұдан басқа, оларға Қарулы күштерде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғат қорғау заңнамасы нормаларының сақталуын бақылау міндеттері жүктелген.

COVID-19 пандемиясы кезінде қос мақсаттағы әскерлер ретінде жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша РХБҚ әскерлерінің біріккен жасақтары қоғамдық орындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарға санитарлық дезинфекция жүргізді. Коронавирустық инфекциямен күреске қосқан елеулі үлесі үшін РХБҚ бөлімшелерінің көптеген мамандары "Халық алғысы" медалімен марапатталды.

2024 жылғы су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында РХБҚ әскери қызметшілері Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында 80-нен астам нысанға дезинфекция жүргізді. Өңдеудің жалпы ауданы 750 гектардан асты.

Қойылған тапсырмаларды орындау үшін әскерлерді заманауи техникамен қайта жарақтандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Бүгінде олар отандық  РСТ-KZ, РСТ-2KZ есептеу-талдау кешендерімен, РХБ барлау, ТДА-3 аэрозольді бүркемелеу машиналарымен, АРС-14KZ авто құю станцияларымен, санитарлық өңдеу кешендерімен және КРПП-KZ бақылау-тарату бекеттерімен, сондай-ақ биологиялық барлау машинасымен, ТОС-1а "Солнцепек", робототехникалық радиациялық және химиялық барлау кешенімен жарақтанған.

Бұл профильдегі мамандар Құрлық әскерлерінің әскери институтында дайындалады. Олардың шеберлігі біліктілікті арттыру курстарында, жауынгерлік даярлық іс-шаралары барысында, сондай-ақ халықаралық және республикалық деңгейдегі оқу-жаттығуларда жетілдіріліп отырады.

РХБҚ әскерлері мамандарының қызметін әрқашан қауіпті деуге болады. Жауапты сыни сәттерде олардың кәсіби шеберлігі, батылдығы мен адалдығы толық көрінеді. Сондықтан осы қауіпті саланың мамандары зор құрметке лайық.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1028010?lang=kk