1000-нан астам әлеуметтік кәсіпкер экономикаға, әлеуметтік мәселені шешуге үлес қосуда
04.07.2025 09:20:41 121
Бүгінде Қазақстанда 1000-нан астам әлеуметтік кәсіпкер жұмыс істейді. Олар жұмыс орнын құру мен салық түсімін қамтамасыз ету арқылы бизнесті дамытып қана қоймай, әлеуметтік міндеттерді шешуге белсенді қатысады. Халықтың осал тобына көмектесіп, өңірлерде өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Тақырыптың өзектілігі мен әлеуметтік бизнестің өсудегі үлесі Астанада "Әлеуметтік кәсіпкерлік: проблемалар мен перспективалар"атты дөңгелек үстелде талқыланды. Оған мемлекеттік органдардың, әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ іс жүзінде әлеуметке бағдарланған жобаларды іске асыратын кәсіпкерлердің өздері қатысты.
Қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетігі туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев айтып берді. Ол әлеуметтік кәсіпкерлер портфельдік субсидиялау құралын пайдалана алатынын атап өтті: кредиттер бойынша жеңілдікті мөлшерлеме 11,3%, ал қарыздың ең жоғары сомасы 200 млн теңгеге дейін беріледі.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап мемлекеттік грант беру жүйесі әлеуметтік кәсіпкерліктің пайдасына қайта бағдарланды. Енді 5 млн теңгеге дейінгі көлемде қаржыландыруды қызмет секторына қарамастан, тек әлеуметтік кәсіпорындар мен "Бір ауыл – бір өнім" жобасының жеңімпаздары алады. 30 маусымдағы жағдай бойынша, жалпы сомасы 91 млн теңгеге осындай 19 грант берілді. 2024 жылы барлығы 1,3 млрд теңгеге 290 грант берілген.
Мемлекеттік қолдауға сонымен қатар бұрын берілген кредитті субсидиялау да жатады. Бағдарлама іске қосылған кезден бері 61 жобаға субсидия беріліп, кредиттеудің жалпы көлемі 8,3 млрд теңгеге жеткен. Оның 617,1 млн теңгесі субсидия түрінде жабылған.
Кездесу соңында Асан Дарбаев қатысушыларға сындарлы диалог үшін алғыс білдіріп, Министрліктің одан әрі өзара іс-қимылға дайын екенін жеткізді. Ол әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту басымдықтың бірі болып қала беретінін, өйткені бұл сектор елдің тұрақты және инклюзивті экономикасын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1029584?lang=kk