Алматы облысында «Р-3» арнасындағы жұмыстарды жеделдету жөніндегі жол картасы бекітілді
04.07.2025 16:11:13 121
Алматы облысының Талғар ауданында суару жүйелерін қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жоба 2024 жылы басталып, 48 суару арнасында тиісті құрылыс жұмыстарын қамтиды.
Жобаның мердігері – «AK Construction Company» ЖШС. Құрылыс жұмыстары жалпы құны 21,4 млрд теңге болатын келісімшарт аясында атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін республикалық бюджеттен бөлінген 1,5 млрд теңгенің 1,27 млрд теңгеден астамы игерілді.
Қазіргі таңда «Айтуар», «Саз-Талғар», «Новостройка», «Р-9» және «Р-3» су арналары бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. «Р-3» арнасындағы автожол арқылы өтетін дюкерлік өткелден басқа учаскелер толық аяқталған. Жалпы жаңғыртылған арналардың ұзындығы 28,1 шақырымды құрайды.
Жобадағы негізгі кезеңдердің бірі – «Р-3» арнасындағы дюкерлік өткелдің құрылысы болды. 30 маусым күні аталған нысанда Алматы облысы әкімінің орынбасарлары А.Д. Масабаев пен Б. Бақытұлы, мердігер компания өкілдері, қадағалаушы органдар мен басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен көшпелі жиын өтті. Кездесу барысында аталған нысандағы жұмыстарды жедел аяқтауға бағытталған жол картасы бекітілді.
Қазіргі уақытта құрылыс бригадалары күшейтілген режимде – екі ауысымда жұмыс істеуде. Қабылдау құдығын бетондау және негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
10 шілдеге дейін дюкер толық аяқталып, «Р-3» арнасына су беру қайта қалпына келтіріледі. Осылайша, нысанның жаңғырту жұмыстары толық аяқталады деп жоспарлануда. Су пайдаланушылардың ұсыныс-пікірлері ескерілген соң, арнаны пайдалануға қабылдау қыркүйек айына дейін жүргізіледі.
Құрылыс жұмыстары жалғасып жатқан уақытта су беру балама көздер арқылы қамтамасыз етілуде. Дюкерлік өткел аяқталғаннан кейін «Р-3» арнасы арқылы су беру толығымен қалпына келіп, ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты суаруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1029990?lang=kk