Қорғаныс министрлігінің шығармашылық ұжымы елордалық алаңдарда музыкалық бағдарламамен өнер көрсетті
07.07.2025 10:41:40 154
Елорда күніне арналған мерекелік шаралар аясында Қарулы Күштердің Орталық әскери оркестрі мен Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Орталық ансамблінің музыканттары мен солистері «Жетісу» саябағында және дәстүрлі XI «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалінің гала-концертінде өнер көрсетті.
Елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға елдің күштік құрылымдарының үздік музыкалық ұжымдары қатысты. 6 шілде күні «Қазақ елі» алаңында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің музыканттары бірлескен құрамда өнер көрсетті.
Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери музыканттары плац-концерт қойып, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының попурриін, ырғақты «Құдаша дикси» шығармасын, марштық, патриоттық, қазақтың халық әуендерін және Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Көрермендерді барабаншылардың интерактивті шоуы мен Құрмет қарауылы ротасының дефилесі де ерекше тәнті етті.
– Бүгін ерекше күн – бүкіл ел сүйікті елордамызға назар аударуда. Астананың тұрғындары мен қонақтарына музыкалық сый жасап, мерекелік көңіл күй сыйлап, осылайша мемлекеттік мерекемен құттықтағанымызға қуаныштымыз, – деді Орталық әскери оркестрдің аға әскери дирижері капитан Нұрлан Күчкаров.
Айта кетейік, «Әскери керней» фестивалі әскери-музыкалық өнерді дамыту мен насихаттауға, әскер мен халық арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1030563?lang=kk