Диагностика дамуы және еңбек жағдайы: Қарасай орталық ауруханасына денсаулық сақтау басшысының сапары

Диагностика дамуы және еңбек жағдайы: Қарасай орталық ауруханасына денсаулық сақтау басшысының сапары

08.07.2025 14:53:37 154

Бүгін Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханаға Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Абилхасимұлы Сүлейменов жұмыс сапарымен барды.

Жұмыс сапары барысында басқарма басшысы аурухананың күнделікті қызметімен, материалдық-техникалық базасымен, медициналық персоналдың еңбек жағдайымен және көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бағытындағы жоспарлармен танысты.

Сапар аясында басқарма басшысы қабылдау бөлімі, перзентхана бөлімдерін аралап, ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы жұмыстардың барысын көрді. Сонымен қатар, қазіргі таңда қолданылып жатқан жаңа медициналық тәсілдер мен мекеменің техникалық жарақталу деңгейіне назар аударды.

Магниттік-резонанстық томография (МРТ) бөлімшесінің де жұмысы бақылауға алынды. Басқарма басшысы мұнда енгізіліп жатқан жаңа диагностикалық қызмет түрлерімен танысып, олардың тиімділігі мен болашағына қатысты мамандармен пікір алмасты.

 МРТ аясындағы жаңа диагностикалық бағыттар:

Плацентаның МРТ-сі — ана мен ұрыққа зиян келтірмейтін, иондаушы сәуле қолданбайтын, инвазивті емес зерттеу әдісі. Плацентаның құрылымын, орналасуын, патологиясын анықтап, босандыру тактикасын дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді.
Эпилептологиялық МРТ (ЭПИ-режим) — эпилепсияға шалдыққан пациенттерге арналған арнайы зерттеу. Бұл режим кәдімгі МРТ-мен байқалмай қалуы мүмкін ми құрылымындағы ұсақ өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1030990?lang=kk