Қазақстандағы алғашқы Ұлттық урбан форум елдің жаңа қалалық күн тәртібін қалыптастыруға жол ашты
08.07.2025 15:25:16 253
Қызылорда, 2025 жылғы 8 шілде – Қазақстандағы алғашқы Ұлттық урбан форум (NUF2025) өтті. Іс-шараны ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және БҰҰ-ның Елді мекендер бағдарламасы (БҰҰ-Хабитат) бірлесіп ұйымдастырды. Форум «Өнер Орталығы» алаңында өтіп, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін, халықаралық ұйымдарды, сарапшылар қауымын және жеке секторды жинады.
«Алғашқы Ұлттық урбан форум – қалалық күн тәртібінің жаңа парағы» ұранымен өткен іс-шара елдің ұлттық қалалық саясатын қалыптастырудың бастауын білдірді. Қатысушылар инклюзивті жоспарлау, климатқа бейімделу, басқаруды цифрландыру және урбанистік өзгерістерді қаржыландыру сияқты басым бағыттарды талқылады. Ерекше назар шағын және орта қалалардың өңірлік дамудың қозғаушы күші ретіндегі рөліне аударылды.
ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин алғашқы сөз сөйлеп, БҰҰ-Хабитатпен серіктестіктің Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде және азаматтардың өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.
«Қалалық ортаны жақсарту, азаматтарымыздың өмір сапасын арттыру – бұл ортақ мақсатымыз. Бұл форум халықаралық тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып, Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда тұрақты урбанизацияны ілгерілетуде маңызды қадам болады деп сенемін», – деді қазақ дипломаты.
Форум аясында тақырыптық сессиялар мен панельдік пікірталастар өтті, сондай-ақ А.Рахметуллин мен БҰҰ-Хабитат атқарушы директорының орынбасары міндетін атқарушы Рафаэль Тутстың екіжақты кездесуі ұйымдастырылды. Тараптар қолданыстағы ынтымақтастық пен оны одан әрі нығайту жоспарын талқылады.
Қазақстанға сапары аясында Р.Тутс Алматы қаласына да барып, Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының жұмысымен танысты.
Форум БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын іске асыру және халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты тереңдету бойынша Қазақстан жүргізіп отырған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болды. Қорытынды мәлімдемеде қатысушылар инклюзивті, тұрақты және климаттық тұрғыда бейтарап қалалық орта құруға бағытталған шешімдерді бірлесіп әзірлеуге және іске асыруға дайын екенін растады. Қызылордада алғашқы Ұлттық урбан форумның өтуі елдің барлық өңірлерінің мүдделерін ескеретін және үздік халықаралық тәжірибеге сүйенетін теңгерімді әрі заманауи қалалық саясат қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1031047?lang=kk