БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу: қалай есептеледі және қайда жүгіну керек
08.07.2025 16:40:49 176
1) Кесте бойынша БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алуға кімдер құқылы?
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес БЖЗҚ-дан белгіленген кесте бойынша міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МКЗЖ) есебінен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдарға ай сайын зейнетақы төлемдері жасалады:
- зейнет жасына жеткендерге (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас (2028 жылдан бастап жыл сайын 6 айға ұзарып, 2031 жылы 63 жас болады));
- 55 жасқа жеткендедерге (кәсіптері уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен өндірістердің, жұмыстардың, жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда еңбек қызметі тоқтатылған жағдайда, зейнетақы төлеміне жүгінген кезде жиынтығында кемінде 84 күнтізбелік ай МКЗЖ төленген болса);
- мерзімсіз белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға,
БЖЗҚ-дан төлемдер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
2) Кесте бойынша төлемдер қалай есептеледі?
Кесте бойынша төлемдер келесідей есептеледі: төлемдерді алатын бірінші жылы зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының төлем мөлшерлемесіне – 6,5%-ға көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Келесі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне – 5%-ға өседі. Бұл ретте БЖЗҚ-дан жасалатын ай сайынғы зейнетақы төлем республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі - КД) кемінде 70% мөлшерінде болады (2025 жылы КД 46 228 теңге).
Белгілі бір санаттағы төем алушылар үшін: мерзімсіз белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген, жинақтары жиынтығында кемінде алпыс ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған адамдар үшін Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Бұл шарттардың біреуінен астамын қанағаттандыратын тұлғалар үшін ең жоғары мәні бар түзету коэффициенті қолданылады.
55 жасқа толған тұлғаларға зейнетақы төлемдерін есептеу және төлем жасау, сондай-ақ олар үшін жиынтығында кемінде 84 ай МКЗЖ төлеу кезінде:
- зейнетақы төлемін жүзеге асыру үшін КД кемінде 70% мөлшеріндегі шегі қолданылмайды;
- түзету коэффициенттері қолданылмайды;
- кезекті зейнетақы төлемінің сомасымен бірге КД-нің 70%-дан кем мөлшеріндегі жеке зейнетақы шотындағы қалдық төленбейді.
Айта кету керек, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
Егер БЖЗҚ-дан төлем жасау күніндегі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса (2025 жылы 753 252 теңге = 62 771х12), төлем бір рет толығымен жасалады.
3) Зейнет жасына жетуге байланысты БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын алу үшін қайда және қашан жүгіну керек?
Зейнетақы жасына жетуіне байланысты зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін төлемдерді алушылар тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақтылы жүгінуі қажет. Мұны зейнеткерлік жасқа 10 күн қалғанда жасауға болады. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің барлық түрлері өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Бұл ретте егер алушы зейнеткерлік жасқа толған болса, өтініштің және қажетті құжаттардың ХҚКО-да тіркелген күні өтініш берілген күн болып есептеледі, ал егер ол ертерек жүгінген болса – зейнеткерлік жасқа толған күн өтініш берілген күн болып есептеледі. Бюджеттен төлемдер алу үшін уақтылы жүгіну өте маңызды, оны тағайындау үшін алушы ұсынған құжаттар бойынша еңбек өтілін тексеру қажет. Бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойы, ал БЖЗҚ-дан алушының зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
4) Зейнетақы төлемдерін уақтылы ресімдеу қажеттілігі туралы алдын ала ескерту жасала ма?
Телефон нөмірлері еgov мобильді азаматтар базасында тіркелген болашақ зейнеткерлерге (әлеуетті алушыларға) 1414 нөмірінен зейнеткерлік жасқа толғанға дейін 2 ай бұрын egov.kz сайтындағы құжаттар тізбесіне сілтеме жасай отырып, зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі қызметтерді алу үшін Мемлекеттік корпорацияның жақын маңдағы бөлімшесіне уақтылы жүгіну мүмкіндігі туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Яғни мемлекеттік органдар зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде ресімдеу үшін тиісті хабарламалар жібереді, өйткені өткізіп алған кезең үшін төлемдер тағайындалмайды.
Сондай-ақ, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жасау бойынша белсенді қызмет көрсету мақсатында зейнеткерлік жасқа толған, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және оларды алуға өтініш білдірмеген тұлғаларға қатысты БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп осы азаматтарда жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоғын жыл сайын салыстырып, тексеру жүргізеді. Жыл сайын жүргізілетін тексерулердің нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен тағайындалған зейнетақы төлемдері бар адамдар анықталған кезде БЖЗҚ оларға мемлекеттік корпорациямен жасалған тиісті келісім шеңберінде, яғни өтінішсіз зейнетақы төлемдерін жасайды.
5) Мерзімсіз 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы жинақтарын алу үшін қайда жүгінуге болады?
Мерзімсіз 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне немесе сайттағы (enpf.kz) жеке кабинет арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, БЖЗҚ мобильді қосымшасында жүгіну қажет.
БЖЗҚ-да мерзімсіз белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін көшпелі қызмет көрсетудің ұйымдастырылғанына назар аударамыз. Бұл ретте алдын ала кеңес беру, оның ішінде қызметтерді үйден шықпай, қашықтан алу мүмкіндігінің бар-жоғын тексеру жүзеге асырылады.
6) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін ресімдеу үшін қажет құжаттар тізбесімен қайдан танысуға болады?
enpf.kz сайтында "қызметтер – зейнетақы төлемдері" бөлімінде зейнетақы төлемдерінің түріне және оларды беру тәсіліне байланысты қажетті құжаттардың тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, өтініш бланкілері және оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгісі орналастырылған. "Онлайн-сервистер" бөлімінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне жіберілетін құжаттарды алдын ала тексеру мүмкіндігі бар ("төлеуге арналған құжаттарды алдын ала тексеру" сервисінің атауы: https://www.enpf.kz/ru/elektronnye-servisy/checkdoc.php).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1031155?lang=kk