Қазақстан Елшісі Сауд Арабиясындағы іскер топтармен байланыстарды күшейтуде

Қазақстан Елшісі Сауд Арабиясындағы іскер топтармен байланыстарды күшейтуде

09.07.2025 08:02:45 286

Ар-Рияд, 2025 жылғы 7 шілде – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков бірқатар жергілікті іскер топтардың басшыларымен кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, Елші Сауд Арабиясының жетекші өнеркәсіптік компанияларының бірі «Tasnee» компаниясының Атқарушы директоры Фауаз Мухаммед әл-Фауазбен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, соның ішінде мұнай-химия және мұнай-газ салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Қазақстандық дипломат еліміздің энергетика саласындағы қазіргі ахуал, инвестициялық мүмкіндіктер, шетелдік инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді. Өз кезегінде Фауаз әл-Фауаз Қазақстан нарығына деген қызығушылығын білдіріп, «Tasnee» компаниясының мұнай-химия саласындағы тәжірибесі мен техникалық әлеуетімен таныстырды.

Сонымен қатар, Елші Сауд Арабиясының ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс істейтін «Faidh International Food Co» компаниясының Атқарушы директоры Халед әл-Абудиді Елшілік қабырғасында қабылдады. Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі және агроөңдеу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін талқылады.

М.Меңілбеков Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі мүмкіндіктерге тоқталып, қазақстандық өнімнің экологиялық тазалығы мен экспорттық әлеуетін атап өтті. Өз кезегінде Халед әл-Абуди Қазақстанмен жұмыс істеуге мүдделілік танытып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесулер өзара сенім мен ынтымақтастық рухында өтіп, тараптар алдағы уақытта нақты жобалар мен бастамалар аясында өзара іс-қимылды жалғастыруға ниетті екендіктерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riyadh/press/news/details/1031355?lang=kk