Ұлттық қор – балаларға: 2025 жылғы 1 шілдедегі нысаналы жинақтарды пайдалану қорытындылары
09.07.2025 10:35:05 330
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап 14,86 млн АҚШ доллары сомасына 117 495 өтініш орындалды (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 9,20 млн АҚШ доллары сомасына 71 488 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 5,66 млн АҚШ доллары сомасына 46 007 өтініш орындалды. Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды (НЖ) алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, пайдаланылмаған қалдық нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.
Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (9,00 млн АҚШ долларына 69 756 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – 66,52 мыңнан сәл асатын АҚШ долларына 551 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 49,84 мың АҚШ долларына 436 өтініш.
Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (5,04 млн АҚШ долларына 40 517 өтініш орындалды), білім беруге жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беруге жинақтау салымын толықтыру (454,21 мың АҚШ долларына 4 040 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеуге (131,38 мыңнан астам АҚШ долларына 1 166 өтініш орындалды) төлем жасау.
Нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында төлеу туралы уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50% жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған 18 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары арасында бөлінеді. 2023 жылы барлық НЖ алушыларына 100,52 АҚШ доллары, 2024 жылы 129,38 АҚШ доллары есептелді. 2006 жылы туғандарды қоспағанда, 2023 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат алған балаларға биыл 3,04 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық табыс есептелді. Нәтижесінде, 2006 жылы туған баланың нысаналы жинақтары 100,52 доллар, 2007 жылы туған баланыкі – 232,94 долларды құрайды.
Кәмелетке толған азаматтар БЖЗҚ-ның немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурстарындағы жеке кабинеті арқылы өз НЖ-тарын дербес қадағалап отыруы тиіс, содан кейін уәкілетті операторға АҚШ долларында банктік шот ашу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу үшін НЖ төлеуге онлайн-өтініш беру үшін жүгінуі тиіс.
kids.enpf.kz сайтында және БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында Бағдарламаның шарттарымен танысып, қажетті нұсқаулықтар алып, өзіңізді қызықтыратын сұрақтарыңызға жауап алуға болады. Сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру, бала кәмелетке толғанға дейін және одан кейінгі іс-қимыл алгоритмі туралы бейне нұсқаулықты БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында https://www.youtube.com/watch?v=a9L8N4Q28OM сілтемесі бойынша көруге болады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-kokpekti/press/news/details/1031956?lang=kk