Әлеуметтік және спорттық нысандар – облыс әкімінің тікелей бақылауында
09.07.2025 19:37:30 242
Қостанай облысында инклюзивті қоғамды және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жалғасуда. Әсіресе ерекше білім беру және медициналық қажеттіліктері бар балалардың толыққанды өмір сүруі мен дамуына жағдай жасауға басымдық берілуде.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар әлеуметтік маңызды нысандардың құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Бұрында резиденция болған нысан – енді ерекше балаларға арналған орталық
Негізгі нысандардың бірі – ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы. Бұл орталық Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұрынғы облыстық резиденция базасында құрылуда.
– «Бұл ғимаратты ерекше балалардың қажетіне беру – әділетті әрі дер кезінде қабылданған шешім. Бұрынғы әкімшілік нысанның орнында енді мыңдаған балаға қалпына келуге және дамуға мүмкіндік беретін заманауи орталық ашылады», – деді Құмар Ақсақалов нысанды аралау барысында.
Жалпы ауданы 2,1 мың шаршы метр болатын ғимаратты жаңғыртуға 352,4 млн теңге бөлінді. Орталық 60 төсек-орынға есептелген.
Жоба 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды толық қамтуды көздейді. Реабилитация курсының ұзақтығы 14 күннен 21 күнге дейін ұзарады. Бұл орталықтың жылына 1300 балаға дейін қабылдауына мүмкіндік береді. Қазір жұмыс істеп тұрған жалғыз орталықта тек 400 бала ғана ем-шарадан өте алады.
– «Бүгінде облысымызда 3808 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Біз олардың ешқайсысын назардан тыс қалдыруға хақымыз жоқ. Сондықтан кәсіби әрі сапалы оңалту ортасын құрып жатырмыз», – деп атап өтті облыс әкімі.
Орталық «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 1 млрд теңгеден астам сомаға медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталады. Қор сонымен қатар 3 спорт алаңын да салып береді.
Ал облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлініп, жиһаз, жұмсақ мүкәммал және ыдыс-аяқпен қамтамасыз етіледі.
Ғимарат мүгедектігі бар азаматтар үшін бейімделуде: пандустар орнатылды, есік ойықтары кеңейтілді, арнайы санитарлық тораптар мен душ кабиналары жабдықталды, көтергіш құрылғылар орнатылуда.
Сондай-ақ, балаларға заңды өкілдерімен немесе еріп жүруші тұлғалармен бірге тұруға мүмкіндік жасалады. Орталықта реабилитолог, травматолог, психиатр, педиатр, логопед, дефектолог, психолог, массаж жасаушы, емдік дене шынықтыру және су терапиясы мамандары қызмет көрсететін болады.
Орталықты ағымдағы жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланған.
Келесі нысан – спортты серік еткен жастарға арналған
Әкімнің келесі барған нысаны – Қостанай қаласында салынып жатқан үстел теннисі орталығы.
– «Президент бізге бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жастарды дене белсенділігіне тарту жөнінде нақты міндет қойды. Біз заманауи, қолжетімді және ынталандыратын инфрақұрылым қалыптастыруымыз керек», – деді Құмар Ақсақалов.
Ауданы 2,6 мың шаршы метр болатын орталықта 12 теннис үстелі бар спорт залы, 100 орындық көрермен трибуналары және әкімшілік-тұрмыстық блок қарастырылған.
Орталық 150 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда спортшылар жаттығып қана қоймай, республикалық және халықаралық жарыстар да өткізіледі.
Нысан мүгедектігі бар адамдар үшін де қолжетімді болады.
Орталықты 2026 жылдың қазан айында пайдалануға беру көзделуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1032043?lang=kk