Қазақстан ерікті ұлттық шолуларды әзірлеу аясында өткен үшжақты веб-семинарға қатысты
15.07.2025 18:31:51 286
2025 жылғы шілде айында Бутан, Қазақстан және Малайзия мемлекеттерінің қатысуымен 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) іске асыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға арналған үшжақты веб-семинар өтті. Іс-шара БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты елдері үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) қолдауымен ұйымдастырылды.
Веб-семинар барысында тараптар ОДМ-ды ұлттық деңгейде жүзеге асырудағы озық тәжірибелермен бөлісіп, ерікті ұлттық шолуларды (VNR) дайындау үдерісіндегі өз жетістіктері мен сын-тегеуріндері жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Республикасының атынан Ұлттық экономика министрлігінің ОДМ үйлестіру басқармасының басшысы Гүлзира Ерболова сөз сөйлеп, еліміздің 2030 Күн тәртібін ілгерілету жолындағы алғашқы нәтижелері, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының қабылдануы және ОДМ-ның мемлекеттік жоспарлау жүйесіне интеграциялануы жөнінде ақпарат ұсынды.
Сондай-ақ веб-семинар аясында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ ОДМ Хатшылығының директоры Бақытгүл Хамбар Қазақстанның үшінші Ерікті ұлттық шолуының дайындық барысы туралы баяндама жасады. Ол азаматтық қоғам мен түрлі салалар өкілдерінің кеңінен тартылуының маңыздылығын айтып, VNR-дың ашықтығы мен инклюзивтілігін қамтамасыз етудегі тәуелсіз зерттеулердің рөлін ерекше атап өтті.
Малайзия тарапы ОДМ-ды кезең-кезеңімен жүзеге асыру тәсілін таныстырып, стратегиялық жоспарлау, мониторинг және орнықты даму бағытындағы жүйелік реформалар тәжірибесімен бөлісті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1035018?lang=kk