Мәжіліс депутаты ауыл тұрғындарымен кездесті
15.07.2025 18:33:06 451
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапары барысында С.Сейфуллин ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен, ардагерлермен, жастармен кездесті.
Кездесуге аудан әкімі Берік Сәрменбаев, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаттары Алмас Есназар мен Марат Бакуов қатысты.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаты сегізінші шақырылымның үшінші сессиясында атқарылған жұмыстар туралы айтты.
– Біз «AMANAT» партиясы фракциясының жиынында Мәжілістегі сегізінші шақырылымының үшінші сессиясында атқарылған жұмысты қорытындыладық. Қабылданған заңдардың саны мен шешілген мәселелердің ауқымы жағынан алып қарайтын болсақ, бұл саяси тұрғыда мазмұнды кезең болды. Қабылданған бастамалар негізгі салаларды қамтыды: экономика, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, цифрлық инфрақұрылым және азаматтардың құқықтары. Біз сайлаушылардың ұсыныс-пікірін алдағы уақытта да ескеріп, нақты жұмыстар атқаратын боламыз. Енді, міне Сыр еліне депутаттық қызмет сапарымен келдік. Өңірді аралап, өндірістік жобалармен танысып, экономикалық әлеуметтік саладағы қалыптасқан жағдайды өз көзімізбен көріп, сайлаушылармен кездесеміз. Біз ең алдымен халыққа берген сайлауалды уәдемізді орындауымыз керек. Жол картаға түскен әрбір іс-шараның уақытылы, сапалы жүзеге асуы қатаң бақылауда, – деді Мұрат Ергешбаев.
Кездесу барысында ауыл ардагерлері мен тұрғындар пікір білдіріп, атқарылған жұмыстарды оң бағалап, Мәжіліс депутатының жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ауыл ардагерлерінің ұсынысымен қазақы үрдіске сәйкес М.Ергешбаев кішкентай сәбидің тұсауын кесіп, батасын берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1035014?lang=kk