Қазақстан мен COMSATS ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыруға ниетті
16.07.2025 18:11:27 242
Исламабад, 2025 жылғы16 шілде - ҚР ПИР-дағы Елшісі Е.Қыстафин Оңтүстіктің тұрақты дамуы мақсатындағы ғылым және технологиялар жөніндегі комиссияның (COMSATS) атқарушы директоры доктор Мұхаммед Нафис Закариямен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын егжей-тегжейлі талқылады, өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту жоспарларын белгіледі.
Доктор М.Н.Закария түрлі мамандықтар бойынша тренингтер мен оқыту семинарларын өткізуге, сондай-ақ нанотехнология саласын қоса алғанда, қолда бар зертханаларды ұсынуға және әзірленген IT-шешімдерді көрсетуге дайын екенін білдірді.
Қазақстанның елеулі ғылыми жетістіктерін ескере отырып, COMSATS ұйымының басшысы ұйымның іс-шараларының бірін ҚР өткізуді ұсынды.
Өз тарапынан Елші Е.Қыстафин айтылған бастамаларды қолдап, Елшілік тарапынан атқарылып жатқан жұмыс туралы айтып өтті, доктор М.Н.Закарияның COMSATS ұйымының қызметін жандандыруға қосқан үлесін жоғары бағалап, ғылым мен технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың, соның ішінде Ұйымға мүше елдердің ғылыми мекемелері мен ғалымдары арасындағы байланысты нығайтудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында Елшілік пен COMSATS арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1035653?lang=kk