«Күн мен жел қуатынан күш алған байланыс: болашақ Ақмола облысында басталды»

«Күн мен жел қуатынан күш алған байланыс: болашақ Ақмола облысында басталды»

23.07.2025 16:01:40 18086

Ақмола облысында Астана – Көкшетау тас жолында алғашқы энергияға тәуелсіз базалық станция іске қосылды

Республикалық А-1 [Астана – Көкшетау] автожолында өңірдегі алғаш рет толықтай жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтін базалық станция іске қосылды. Бұл қадам Қазақстан жолдарындағы цифрлық инфрақұрылымды дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Трассалардағы цифрландыру – болашаққа жасалған қадам

Жоба автожол бойындағы байланысты дамытуға арналған пилоттық бастама аясында жүзеге асырылды. Оған Ақмола облысы Цифрландыру басқармасы, Шортанды ауданы әкімдігі, сондай-ақ “КаР-Тел” ЖШС (Beeline сауда белгісі) мен ZTE Corporation компаниялары қолдау көрсетті.
Басты мақсат – орталықтандырылған электрмен жабдықтау қолжетімсіз болатын учаскелерде тұрақты ұялы байланысты қамтамасыз ету.

Бұл қалай жұмыс істейді?

Базалық станция күн панельдері мен жел генераторы арқылы автономды түрде энергиямен қамтылады. Мұндай тәсіл шалғай орналасқан, электр желісіне қосылу мүмкін емес немесе тиімсіз жерлерде де тұрақты сигналды сақтауға мүмкіндік береді.

Жаңа шешімнің басты артықшылықтары:
• Автономдылық – орталықтандырылған электр желісіне тәуелсіз жұмыс.
• Экологиялық таза – “жасыл” энергия көміртегі ізіне теріс әсер етпейді.
• Экономикалық тиімділік – электр қуатына кететін шығындар аз.
• Сенімділік – энергия үзілістері кезінде де үздіксіз жұмыс істейді.

Алда не күтіп тұр?

Егер бұл пилоттық жоба өз тиімділігін көрсетсе, мұндай станциялар тек Ақмола облысында ғана емес, бүкіл республика бойынша автожолдар бойында орнатылады. Әсіресе қазіргі таңда мобильді байланыс мәселесі өзекті болып тұрған алыс елді мекендерге баса назар аудару жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-digital/press/news/details/1039151?lang=kk