Луганода Домбыра күні мен Абайдың 180 жылдығы аталып өтті
31.07.2025 08:22:05 627
Лугано, 2025 жылғы 30 шілде – Швейцарияның италиян тілді кантонының экономикалық және мәдени астанасы Лугано қаласында, «Swiss Diamond» қонақ үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Қосанованың Домбыра ұлттық күні мен ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған концерті өтті.
Елші Қайрат Саржанов домбыра қазақ халқының тарихи жадының, рухани қуаты мен ұлттық бірегейлігінің ажырамас нышаны екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Абайдың 180 жылдық мерейтойына ерекше тоқталып, оның қазақ қоғамының рухани қалыптасуына қосқан баға жетпес үлесін, әрі мұрасы жаңа ұрпақ үшін маңызды адамгершілік бағдар мен шабыт көзі болып қала беретінін айтты.
Айгүл Қосанова көрермендерге ерекше әсер қалдырған жарқын және мазмұнды бағдарлама ұсынды. Мемлекеттік құрылымдар, қоғам қайраткерлері, ғылыми және іскер топ өкілдері оның өнеріне зор қызығушылық танытты. Домбырамен орындалған шебер туындылар мен Абай шығармашылығына арналған терең вокалдық шығармалар көрермендерге Қазақстанның бай да бірегей мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Концерттің Луганода өтуі Қазақстан мен Швейцария арасындағы мәдени қарым-қатынастарды дамытуда маңызды қадам болып табылады және 2016 жылы Алматы мен Лугано арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандум рухына сай жүзеге асты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bern/press/news/details/1043231?lang=kk