Қорғаныс министрі Алматы гарнизонын тексерді
31.07.2025 09:41:17 572
Алматы гарнизонына жасаған жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Даурен Қосанов «Берег» оқу орталығының инфрақұрылымымен, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімі қызметімен танысып, «Жас десантшы» балаларға арналған әскери-патриоттық орталығына барды.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Алмаз Жұмакеев Қорғаныс ведомствосының басшысына Десанттық-шабуылдау әскерлерінің «Берег» оқу орталығындағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, мұнда десанттық әскерлерге арналған бронетранспортерлер мен «Арлан» броньды машиналарының жүргізушілерін даярлау жүргізілуде. Қазіргі уақытта жаңа кең асхана, штаб ғимараты, бақылау-өткізу пункті, казармаларға күрделі жөндеу жүргізу және жаңаларын салу жұмыстары жалғасуда.
Қорғаныс министрі Райымбек батыр атындағы 38-десанттық-шабуылдау бригадасына бару барысында әуе-десанттық даярлық сыныбын аралап, әскери бөлімнің негізгі міндеттері туралы егжей-тегжейлі сұрап білді. Ол парашютпен секіру және басқа да оқу-жаттығу міндеттерін орындау кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға ерекше назар аударды.
«Жас десантшы» балалар әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрін орталық тәрбиеленушілері қарсы алды. Балалар енді үйірмелер мен секцияларға бару үшін қалаға шығудың қажеті жоқ екенін айтты.
Айта кетейік, бұл дамыту орталығы өткен жылы ашылған. Алматы десантшыларының отбасыларында, яғни қызмет барысында көп уақыты жұмысқа жұмсалатын әкелердің отбасында, мектеп жасындағы 3000-нан астам бала бар. Осы балалар үшін орталықта тегін негізде робототехника, шахмат, шешендік өнер, мобилография, хореография, сурет салу, ағылшын тілі және домбыра тарту үйірмелері жұмыс істейді.
Жұмыс сапарының соңында авиация генерал-лейтенанты Даурен Қосанов Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысына әскерді дамыту, жеке құрамның жауынгерлік әзірлігі мен моральдық рухын жоғары деңгейде ұстау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1043276?lang=kk