Қапшағай жағалауынан 2 тоннадан астам қоқыс жиналды: экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған «Таза бейсенбі» акциясы өтті
31.07.2025 14:50:42 517
Қонаев қаласында өткен кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық шарасы барысында Қапшағай көлінің жағасынан екі тоннадан астам қоқыс шығарылды. Акцияны «AMANAT» партиясы ұйымдастырып, оған 50-ге жуық адам – партия мүшелері, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері мен жергілікті тұрғындар атсалысты.
Тазалық жұмыстары кезінде пластик бөтелкелер, полиэтилен пакеттер, сынған ыдыстар, бір реттік мангалдар мен түрлі тұрмыстық және құрылыс қалдықтары жиналды. Барлығы 90-ға жуық қап қоқыс шығарылды.
«Жастар рухы» қозғалысының белсендісі Әділет Айтқазының айтуынша, демалыс маусымында жағалауда қоқыс көлемі еселеп артып, көл экологиясына едәуір зиян келтіреді. Ол демалушыларды жауапкершілік танытып, арттарынан қоқысты жинауға шақырды:
«Қапшағай – елдегі ең танымал туристік орындардың бірі. Жыл сайын жарты миллионнан астам турист келеді. Егер тазалыққа мән бермесек, бұл аймақтың тартымдылығы төмендейді. Туризм де, табиғат та зардап шегеді», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза бейсенбі» – тек қоқыс жинау ғана емес, сонымен қатар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған бастама. Бұл шара арқылы тұрғындар мен демалушылар табиғатты аялау маңыздылығын тереңірек ұғынады.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының бастамасымен іске асып жатқан «Таза бейсенбі» акциясы еліміздегі «Таза Қазақстан» экологиялық науқанының аясында өткізіліп келеді. Биылдың өзінде бұл жобаға 242 мыңнан астам азамат қатысып, 7 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 76 мыңнан аса ағаш отырғызылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-zkh/press/news/details/1043607?lang=kk