Әйгерімнің жеңісі жерлестерін қуантты

Әйгерімнің жеңісі жерлестерін қуантты

01.08.2025 10:00:55 517

Жақында ғана жерлесіміз Әйгерім Алтынбек дүниежүзіне белгілі «Ла Скала» театрына тағылымдамадан өтуге қабылданып, Хосе Каррерас, Андреа Бочелли сынды әлемге әйгілі тенорлармен бірге өнер көрсетуге мүмкіндік алған еді. Бұл сүйінші жаңалыққа еліміздің өнерсүйер қауымы, Әйгерімнің түлеп ұшқан топырағындағы Сыр жұртшылығы қуанып, өнер иесіне ізгі тілектерін жаудырған болатын.

Арада көп уақыт өтпей-ақ Әйгерімнің Италияда өткен XI Халықаралық CLIP байқауында ел абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрінгені туралы жаңалық жетті. Өнерпаз бірінші орыннан бөлек, байқаудың негізгі номинацияларында үздік атанып, абсолютті жеңімпаз болды. Сонымен қатар, көрермен көзайымы жүлдесін, «Үздік әйел дауысы» марапатын және музыка сыншысы, арт-директор әрі педагог Карло Майердың арнайы жүлдесін иеленді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің мәдениетін төрткүл әлемге танытып, халықаралық сарапшыларды мойындатқан бұл жетістігіңіздің мән-маңызы зор. Сіз мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, төл өнерімізді әлемнің төріне шығардыңыз. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра бересіз деп сенемін!», – деп құттықтау жолдады.

Өте жоғары бәсекелестікке қарамастан, Әйгерім еліміздің вокал мектебінің әлемдік деңгейдегі талаптарға сай келетінін дәлелдеді. Туған жерімізден түлеп ұшқан таланттың төрткүл дүниеге танылғаны бізді зор қуанышқа кенелтті. Өнеріңіз өрісті болсын, Әйгерім!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1044104?lang=kk