БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ Қостанай облысында ең ауқымды өңірлік Дала күні басталды
01.08.2025 11:43:14 825
Бүгін Қостанай облысында Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісі мен агробизнеске арналған ең ірі өңірлік көрмелердің бірі өз жұмысын бастады. «Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі-демонстрациясына әлемнің 20 елінен 100-ге жуық компания қатысуда.
Орақ науқаны қарсаңында дәстүрлі түрде өткізілетін бұл салалық іс-шарада шетелдік және отандық агробизнес өкілдері заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары мен жоғары өнімді техниканың мүмкіндіктерін, мал шаруашылығы мен селекция саласындағы жетістіктерін, сондай-ақ ветеринария, өсімдіктерді қорғау және органикалық егіншілік бағытындағы инновациялық әзірлемелерді таныстыруда.
Көрме қатысушылары мен қонақтарының қатарында машина жасау кәсіпорындары, қазақстандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын өндірушілер мен жеткізушілер, егіншілік пен өсімдік шаруашылығы саласындағы аграрлық ғылым өкілдері, асыл тұқымды мал шаруашылығының мамандары, сондай-ақ облыстық әкімдік құрылымдарының, қаржы ұйымдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар.
2027 жылға дейін Қостанай облысында жалпы құны 383 млрд теңгені құрайтын 93 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде мал шаруашылығы саласында – 51 жоба, егіншілік бойынша – 23 жоба, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында – 19 жоба. Бұл жобалар аясында 4,4 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Биыл өңірде жалпы құны 52,5 млрд теңге болатын 36 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін Алтынсарин, Мендыкарин және Федоров аудандарында 4 ірі тауарлы сүт фермасы пайдалануға беріледі. Бұл туралы «Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» Дала күнінің ресми ашылуында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Абенов мәлімдеді.
Абеновтің айтуынша, биыл облыстың АӨК дамытуға 207 млрд теңге бөлінген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,2 есе көп. Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген несие беру аясында 62 млрд теңге қаржы бөлінді. Облыс әкімдігі өкілінің атап өтуінше, басты міндет – бюджет қаражатын тиімді пайдалану, салынған инвестициялардан барынша қайтарым алу, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру.
Конференцияға Өзбекстаннан келген өкілді делегация да қатысуда. Өзбекстанның аграрлық нарығы мен логистикасы бойынша сарапшысы Алишер Махмудовтың айтуынша, көрмеге келген кәсіпорындар мүше болып табылатын «Узегмойсаноат» қауымдастығы елдегі шамамен 320 май өңдеу кәсіпорнын біріктіреді. Бұл кәсіпорындар әртүрлі шикізаттан, ең алдымен мақта және күнбағыс тұқымынан өсімдік майын өндіреді.
«Жыл сайын өзбекстандық өңдеушілер 200 мың тоннадан астам шикізат пен жартылай фабрикаттар, сондай-ақ 150 мың тоннадан астам дайын қазақстандық май импорттайды. Біздің басты мақсатымыз – «Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» көрмесі аясында қазақстандық серіктестердің жаңа маусымдағы мүмкіндіктерімен танысу, екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылау және тікелей жеткізушілермен кездесіп, келісімшарттар жасасуға жағдай жасау», – деді өзбек делегациясының басшысы.
Қазақстандағы «Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» Дала күнінің құрметті қонақтарының бірі – Қазақстан Республикасындағы Молдова Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Штефан Горда болды. Ол Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының әлеуетіне жоғары баға беріп, екі ел агробизнесі арасындағы кең ынтымақтастық мүмкіндіктерін атап өтті.
«Біз өзара нарықтарға өнім жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге және тиімді логистикалық дәліздер құруға бар күшімізді саламыз. Сондай-ақ органикалық ауыл шаруашылығы мен климаттың өзгеруіне бейімделген өсімдік сорттарын шығару саласындағы жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге ниеттіміз. Сонымен қатар, Молдованың жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін Қазақстан нарығына жеткізуді арттыруға қызығушылық танытамыз және қазақстандық компанияларды Молдова агроөнеркәсіптік кешеніне инвестиция салуға, одан әрі еуропалық нарыққа экспорт жасау мақсатында шақырамыз», – деп атап өтті Штефан Горда.
«Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» Дала күні Қостанай облысы, Мендыкарин ауданы, Степановка ауылындағы «Восток-1» ЖШС және «Агрофирма Қарқын» ЖШС демонстрациялық алқаптарында өтуде. Іс-шара 2025 жылғы 31 шілде мен 1 тамыз аралығында жалғасады.
Заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының, сондай-ақ отандық жетекші селекциялық орталықтардың жоғары өнімді және сапалы ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттары егілген демонстрациялық делянкалардың таныстырылымымен қатар, көрменің мазмұнды бағдарламасы мынадай негізгі бағыттарды қамтиды:
- Қазақстанның солтүстік облыстарының ветеринариялық мамандарының республикалық слеті және «Ветеринариялық қауіпсіздік пен өңіраралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері» тақырыбындағы далалық кеңес;
- Ғылыми-практикалық бағдарлама (семинарлар, конференциялар, шеберлік сабақтары және т.б.);
- Ауыл шаруашылығы дрондарының жұмысын көрсету;
- Жол талғамайтын көліктердің тест-драйвтары, авто-мото шоу және тағы басқа іс-шаралар.
«Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі-демонстрациясының ұйымдастырушысы – агроөнеркәсіптік кешен саласындағы халықаралық көрмелерді ұйымдастыру бойынша еліміздегі жетекші компаниялардың бірі – қазақстандық «EXPO TIME» компаниясы.
________________________________________________
«Jańa Dala / Green Day» ақпараттық орталығы
Ринат Тасбулатов, 8 701 460 91 82
e-mail: rinat_tas@mail.ru
https://www.instagram.com/jana_dala_greenday/

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-mendykarin-audany-akimat/press/news/details/1044250?lang=kk