Қонаевта жазғы маусым қорытындыланды: екі айда 1,5 миллионнан астам турист келген

Қонаевта жазғы маусым қорытындыланды: екі айда 1,5 миллионнан астам турист келген

01.08.2025 12:11:09 770

Қонаев қаласында жазғы туристік маусымның аралық қорытындысы жарияланды. 2025 жылдың маусым-шілде айларында Қапшағай су қоймасының жағалауына 1,5 миллионнан астам адам келіп, қала еліміздегі ең танымал демалыс орындарының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бүгінде шаһар аумағында екі негізгі рекреациялық аймақ жұмыс істейді: Алматы және солтүстік жағалауы. Алматы жағалауында ірі қонақ үй кешендері мен жеке жағажайлар орналасса, солтүстік бөлігі заманауи инфрақұрылымы бар қолжетімді қоғамдық аймақ ретінде дамып келеді.

Негізгі жүктеме абаттандырылған №5, №6 және №7 жағажайларға түсті. Мұнда санитарлық және сервистік талаптарға сай жағдай жасалған: 75 әжетхана, 170-тен астам қоқыс жәшігі мен контейнер орнатылып, құтқарушылар, медицина және техникалық қызметкерлер кезекшілік етеді.

№5 жағажайда күн сайын 20 қызметкер жұмыс істейді, демалыс күндері мұнда 2,5 тоннаға дейін қоқыс шығарылады. Ал №6 және №7 жағажайларында 10 құтқарушы мен медицина қызметкерін қоса есептегенде 30 қызметкер бар, демалушылар көп күндері шығарылатын қоқыс көлемі 3 тоннаға жетеді.

Қауіпсіздікті бақылау үшін жасанды интеллект негізіндегі бейнабақылау жүйелері орнатылған. Жағажайдағы жалпы жағдайлы полиция, төтенше жағдайлар қызметі және жеке күзет мекемелері қадағалайды.

Әкімдік дерегінше, жазатайым оқиғалардың көпшілігі рұқсат етілмеген орындарда орын алады. Сондықтан тұрғындар мен қонақтарға тек ресми бекітілген жағажайларда демалуға кеңес беріледі.

Қалада 140-қа жуық туристік нысан жұмыс істеп тұр. Маусым аяқталғаннан кейін №6 және №7 жағажайларын қайта жаңғырту және жеке инвестиция есебінен №8 жағажайды абаттандыру жұмыстары басталады. Жалпы жағалау ұзындығы 6,1 шақырымды құрап, бірыңғай сәулеттік жоспарға сай жасалады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ 2028 жылға дейін Қонаевта жалпы құны 300 миллиард теңгеден асатын 11 ірі туристік жобаны іске асыру көзделген. Олардың қатарында қонақ үй кешендері, ойын-сауық орталықтары, гольф-клубтар мен отбасылық демалыс орындары бар.

Қонаев қаласының әкімдігі заманауи, қауіпсіз және қолжетімді туристік ортаны дамыту – шаһарды өркендетудің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1044276?lang=kk