«Абай мұрасы – халық ұлағаты: сөз өнері мен рухтың үндестігі»

«Абай мұрасы – халық ұлағаты: сөз өнері мен рухтың үндестігі»

03.08.2025 17:21:09 5033

Қостанай облыстық Л. Н. Толстой атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты ашық микрофон кеші өтті.

Бұл іс-шара ұлы ойшылдың мерейтойына арналған онкүндік аясында ұйымдастырылып, ақын шығармашылығына бейжай қарамайтын қостанайлықтар мен қонақтарды бір арнаға тоғыстырды. Кеш барысында «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» атты кең көлемді кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Онда Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған сирек кездесетін және заманауи басылымдар қойылды.

Әдеби кештің әсерлі сәттерінің бірі — «Қазына» және «Өркен» клубтарының мүшелері дайындаған «Оқудан қайтқан Абай» атты әдеби-музыкалық композиция болды. Көрермендер Абайдың терең ойға толы өлеңдерін, «Қара сөздерінен» үзінділерді тыңдап, сонымен қатар «Желсіз түнде жарық ай» мен «Көзімнің қарасы» сынды жүректерге жол тапқан әндерін тамашалады.

Ашық микрофон алаңында Абай мұрасына құрметпен қарайтын кез келген қатысушы өз өнерін ортаға салды. Ақынға арналған өлеңдер оқылып, Абай дүниетанымының бүгінгі күнмен үндестігі жайлы ойлар айтылды. Жеке естеліктер мен шабытты сөздер кештің шынайы әрі жылы атмосферасын қалыптастырды.

Бұл кеш тек Абайдың рухына тағзым ғана емес, сонымен қатар оның адамгершілік, білімге құштарлық және рухани кемелдік жайлы ойларының қазіргі қоғамда да өзектілігін айқындап берді. Абай мұрасы — ұлттың ұлағаты, өшпес өнегесі екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1044821?lang=kk