Братиславада туризм және спорт салаларындағы Қазақстан-Словакия ынтымақтастығының перспективалары талқыланды

Братиславада туризм және спорт салаларындағы Қазақстан-Словакия ынтымақтастығының перспективалары талқыланды

14.08.2025 19:50:27 172

Братислава, 2025 жылғы 13 тамыз – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасының Туризм және спорт министрі Рудольф Гулякпен кездесті.

Кездесу барысында туризм және спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту және дамыту мәселелері жан-жақты қарастырылды. Словакия тарапы Қазақстанның бай туристік әлеуетімен таныстырылып, еліміздің бұл бағыттағы ілгерілеуінде заманауи деректерді пайдалану мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге негізделген инновациялық шешімдердің маңызды рөлі ерекше атап өтілді.

Р.Гуляктың пікірі бойынша, екі ел ұстанымдарының өзара үйлесімділігі және даулы мәселелердің болмауы тәжірибе алмасу, тағылымдамалар ұйымдастыру, сондай-ақ ортақ бастамалар мен жобаларды жүзеге асыру арқылы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол Словакия мен Қазақстан арасында тікелей әуе қатынасының орнатылуы туристік ағынды ұлғайтуға, іскерлік туризмді дамытуға және өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге елеулі серпін бере алатының назарға салды.

Тараптар спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Қазақстанның халықаралық спорт қозғалысына белсенді түрде қатысатыны және бокс, ауыр атлетика, велоспорт, дзюдо, күрес, шахмат, сондай-ақ теннис сияқты спорт түрлеріндегі жоғары жетістіктерімен кеңінен танылғаны атап өтілді. 2027 жылы елімізде дзюдодан әлем чемпионаты мен шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты қатарында өтетін бірқатар ірі халықаралық спорттық іс-шаралар жоспарланғанына орай, Елші аталған жарыстарға словакиялық спортшылардың белсенді түрде қатысатынына сенім білдірді.

Министр братиславалық «Слован» командасын жеңіп, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алған «Қайрат» футбол клубын осы жетістігімен құттықтап, спорттың екі ел халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызды рөлін айрықша бағалады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Словакияның тиісті салалық министрліктері арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1051324?lang=kk