Әр ауылда – жаңа техника: Талғар ауданында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту тапсырылды

Әр ауылда – жаңа техника: Талғар ауданында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту тапсырылды

15.08.2025 11:51:00 279

Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында өткен есептік кездесу барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданның әр ауылында заманауи ауыл шаруашылығы техникасы болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Аудан әкімдіктерінің негізгі міндеттерінің бірі ретінде егіс алқаптарын әртараптандыру және тиімді дақылдар көлемін сақтау белгіленді. Қазіргі таңда өңірде астық жинау науқаны жүріп жатыр. 5 шілдеде басталған жұмыстар аясында дәнді дақылдардың 32,1% жиналды, бұл — 98,8 мың тонна астық, гектарынан орташа 17,9 центнер өнім алынуда. Сондай-ақ, 6,6 мың тонна картоп (2,9%) және 69,2 мың тонна көкөніс-бақша дақылдары (15%) жиналды.

Аграрлық сектордағы еңбек өнімділігін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға ерекше назар аударылуда. 2025 жылы облыс бойынша 490 бірлік жаңа техника сатып алу жоспарланған. Оның ішінде бірінші жартыжылдықта 209 бірлік техника алынды, бұл жылдық жоспардың 42,7%-ін құрайды. Заманауи тракторлар, астық жинайтын комбайндар және арнайы технологиялық жабдықтар ауыл шаруашылығы жұмыстарын сапалы орындауға мүмкіндік береді.

Талғар ауданында ауыл шаруашылығы техникасының 47,5% тозған. Жыл басынан бері 836,1 млн теңгеге 19 бірлік техника сатып алынды, бұл жоспардың 36,5%-ін (жоспар – 44 бірлік) құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы техника паркінің кемінде 6,5% жаңарту көзделіп отыр.

«Кең дала» несиелік бағдарламасы аясында көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 15,7 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 2,8 млрд теңгеге 67 өтінім қабылданып, оның ішінде 2,7 млрд теңгеге 59 несие мақұлданды. Талғар ауданы бойынша 11,3 млн теңгеге бір несие берілді.

Аталған бағдарлама фермерлерге жеңілдетілген несие ұсынып, техника, тыңайтқыш сатып алуға және егіс жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетеді. Бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану өндіріс көлемін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысын арттыруға жол ашады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1051580?lang=kk