ҚР Қарулы күштерінің шығармашылық ұжымы Мәскеуде "Спасск мұнарасы" фестивалінде өнер көрсетеді

ҚР Қарулы күштерінің шығармашылық ұжымы Мәскеуде "Спасск мұнарасы" фестивалінде өнер көрсетеді

19.08.2025 11:42:22 99

XVII Халықаралық "Спасск мұнарасы" әскери-музыкалық фестиваліне аттанып жатқан қатысушыларымен Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев кездесті.

– Сіздер ең танымал орындардың бірінде өнер көрсеткелі тұрсыздар. Әр нотамен, қимылмен және көзқараспен көрермендерге еліміздің біртұтастығын және оның ерекше мәдениетін жеткізулерің керек. Сіздерге шалқыған шабыт тілеймін және өнерлеріңді жарқын әрі үйлесімді көрсетеді деп сенемін, – деді вице-адмирал С. Борамбаев.

Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы алғаш рет "Спасск мұнарасы" фестиваліне қатысуда. Әскери музыкалық өнер мерекесінде Беларусь, Буркина-Фасо, Италия, Моңғолия, БАӘ, Сербия, Эфиопия және өзге елдердің оркестрлері де өнер көрсетеді деп күтілуде.

Қазақстандық делегация құрамында Орталық әскери оркестр, ҚР Қорғаныс министрлігінің құрмет қарауыл ротасы, би тобы және Орталық ансамбльдің фольклорлық-этнографиялық оркестрі де бар.

Фестивальде әскери музыканттар қазақстандық композиторлардың туындыларын айтады. Олар Темірхан Қожабековтың "Торжественное шествие", Нұрғиса Тілендиевтің әуендерінен попурри, әйгілі "Әлия" және "Я шагаю по Москве" әндерін орындайды. Фольклорлық-этнографиялық оркестрдің бишілері "Ақсауыт" би композициясымен өнер көрсетеді.

– Біз көрерменге классикалық, заманауи және ұлттық музыканың әсем әуезін көрсетіп, сол арқылы мәдениетіміз бен дәстүріміздің өзіндік ерекшелігін жеткізуге тырысамыз. Әрине, Отанымызға деген патриоттық сезім мен сүйіспеншілікті жеткізу бастысы, – деді ҚР Қарулы күштері әскери-оркестр басқармасының бастығы – бас әскери дирижер подполковник Алмас Ибрагимов.

Естеріңізге сала кетсек, "Спасск мұнарасы" фестивалі биыл 22-31 тамыз аралығында өтеді. Қазақстандық делегацияның оған қатысуы халықаралық ауқымды мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті арттырудың символы болмақ. Іс-шара халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және әскери музыкалық мәдениетті ілгерілетуге ықпал ететін болады.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1053184?lang=kk