Абайдың 180 жылдығы: Самарқандта қазақ халқының ұлы ұлының мұрасы талқыланды

Абайдың 180 жылдығы: Самарқандта қазақ халқының ұлы ұлының мұрасы талқыланды

20.08.2025 18:15:57 99

2025 жылғы 19 тамызда Самарқандта Ш. Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінде орналасқан Абай атындағы ғылыми-мәдени орталықта қазақтың ұлы ойшылы, ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулдығы Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетімен бірлесіп ұйымдастырды.

Қатысушылар қатарында - Ш. Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Рустам Халмурадов, Халықаралық Орталық Азия зерттеулер институтының (МИЦАИ) директоры Эврен Рутбиль, Түркология институтының, өзбек тілі мен әдебиеті кафедрасының, классикалық әдебиет тарихы кафедрасының, орыс және шетел әдебиеті кафедрасының, Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет және әдебиет теориясы кафедрасының, тәжік философиясы және шығыс тілдері кафедрасының профессорлары мен зерттеушілері болды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Абай Құнанбаевтың рухани мұрасы – гуманизм, білімге деген ұмтылыс, толеранттылық пен бейбітшілік құндылықтары екенін атап өтті. Абай аударма шебері және әлемдік әдебиеттің терең аудармашысы болғандығы ерекше атап өтілді. Ол Пушкин, Лермонтов, Гете, Байрон, Шиллер, сондай-ақ Ұлы шығыс ақындары – Әлішер Навои, Фирдоуси, Низами, Саади, Хафиздің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Абай Құнанбаев Ислам-Шығыс және орыс-еуропалық философияны біртұтас гуманистік тұжырымдамаға біріктіре алды. Сонымен қатар, Абай Құнанбаев Орталық Азиядағы лириканың жаңа формасының негізін қалап, қазақ мәдениетіне романс жанрын алғаш енгізгені атап өтілді. "Көзімнің қарасы", "Желсіз түнде жарық ай" және басқа да шығармалар бүгінде әлемнің жетекші сахналарында танымал эстрада және опера әншілерінің орындауында шырқалады.

Дөңгелек үстел ғылыми көзқарастармен және мәдени түсіндірмелермен алмасу, қазақ-өзбек тілдік және әдеби байланыстарын талқылау, сондай-ақ Жастар, зерттеу қоғамдастықтары мен кең аудитория арасында Абай идеяларын насихаттауға бағытталған практикалық бастамаларды әзірлеу алаңы болды.

Сонымен қатар, шара барысында Абай Құнанбаев шығармашылығын зерттеуші өзбекстандық ғалым, А.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің кафедра профессоры Баходир Каримов, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Абай Маарифаты» («Абайдың ағартушылығы») атты өзбек тіліндегі кітабының тұсаукесері өтті.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов құттықтау сөз сөйлеп, Шараф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетіне және университет ректоры Рустам Ибрагимович Халмурадовқа осы іс-шараны тамаша ұйымдастырғаны және қазақ-өзбек мәдениетаралық байланыстарын нығайтуға жан-жақты жәрдемдескені үшін шын жүректен алғысын білдірді.

Бас консул сондай-ақ Абайдың еңбектері өлмес екенін, уақыт өте келе олар өзекті болып, қоғамдық және мәдени-рухани өмір үшін бағдарларды айқындайтынын атап өтті.

Іс-шара бауырлас халықтарымыздың арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, мәдениетаралық диалогтың көкжиегін кеңейтуге және Орталық Азия елдерінің өткені мен болашағы арасындағы берік көпірге айналатын Абайдың ұлы тұлғасының мұрасын көрсетуге қызмет етті. Бүгінгі өзара іс-қимыл халықтар арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуда жаңа көкжиектер ашады.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-samarkand/press/news/details/1054162?lang=kk